Қарағанды кітапханасында мультипликация шебері Әмен Хайдаровтың 100 жылдығына орай кездесу өтті

Қарағанды кітапханасында мультипликация шебері Әмен Хайдаровтың 100 жылдығына орай кездесу өтті

Қарағандыда балаларға "Қарлығаштың құйрығы неге айыр" атты алғашқы қазақстандық мультфильм көрсетілді. Абай атындағы облыстық балалар кітапханасында өткен кездесуде биыл 100 жылдық мерейтой атап өтілетін отандық анимацияның негізін қалаушы Әмен Хайдаровтың шығармашылығы еске алынды.

"Мульт-шеруге" қонаққа басқа кітапханалардың жас оқырмандары мен әріптестері келіп, қатысты. Іс-шараға орай кітап көрмесі дайындалды. Кітапханашылар қазақ анимациясы аңызының өмірі мен шығармашылығы туралы айтып берді. Балалар мен ересектер назарына көптеген марапаттарға ие болған “Қарлығаштың құйрығы неге айыр" мультфильмі ұсынылды. Кездесуде "Ақсақ құлан мен Жошы хан" эпикалық аңызының негізінде Әмен Хайдаровтың тағы бір анимациясы – "Ақсақ құлан" мультфильмі көрсетілді.

- Бүгін біз екі оқиғаны біріктірдік: жазғы оқу залының ашылуы және қазақ анимациясының негізін қалаушы Әмен Хайдаровтың 100 жылдығына орай "мульт-шеру". Жаз бойы біз жас оқырмандарымыз үшін кездесулер, ойындар, викториналар және басқа да іс-шаралар өткіземіз. Бұл шаралар туралы кітапхананың Instagram парақшасынан біле аласыздар. Барлық балаларды шақырамыз, келіңіздер, өте қызықты болады, - дейді кітапхана қызметкері Ольга Вольф.

Кездесуден естелік ретінде әр бала өзімен бірге қағаз қарлығаш алып кетті.

Әмен Хайдаров (1923 – 2015) Қарағанды облысы Нұра ауданы Жіңішке ауылында дүниеге келген. Алматы көркемсурет училищесін, одан кейін мультипликатор-суретшілер бөлімін, ВГИК режиссерлерінің курстарын бітірген. "Кинофильм" студиясында суретші, режиссер және мультфильм цехының көркемдік жетекшісі болып жұмыс істеді. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері. ҚазКСР Мемлекеттік Сыйлығының Лауреаты (1980). "Парасат", "Барыс" ордендерімен, "Тарлан" және "Алтын Адам" сыйлықтарымен марапатталған.