Теміртаулық жас «Эрудиттер» облыстық зияткерлік сайыста топ жарды

Теміртаулық жас «Эрудиттер» облыстық зияткерлік сайыста топ жарды

Қарағандыда Халықаралық балаларды қорғау күнінде «Зерек бала» байқауының облыстық кезеңі өтті. Жас зиялылар логика, математика, тіл білу, спорт және шығармашылық сынды жарыстарда бақ сынасты. Бірінші орынды Теміртау қаласының «Эрудиттер» командасы иеленді.

Бес-алты жас аралығындағы балаларға «Логика», «Жас математик», «Жас жазушы», «Квест», «Жас ғалым», «Жас полиглот», «Жас спортшы», «Жас жұлдыз» атты тапсырмалар пунктінен өтіп, білім мен дағдыларын көрсету керек болды.

Осылайша, ең интеллектуалды, шығармашыл теміртаулық «Эрудиттер» болды. Екінші орынды Қарағандының «Aqyldy bala» және Теміртау қаласының «Грамотеи» командалары өзара бөлісті. Үшінші болып «Алау» (Қарағанды), «Бахыт-Эрудит» (Саран) және «NANO балалары» (Шахтинск) жайғасты.

Облыстық кезеңге аудандық, қалалық кезеңдерде бірінші орын алған жеңімпаз-командалар қатысты.

– Облыстық турда 14 команда бақ сынады.

«Эрудиттер» командасына біздің «Айсұлу» балабақшасының тәрбиеленушісі Алиса Назарчук қосылды. Балалар әр салада өз білімдерін, таланттарын көрсетті. Әрине, мұндай байқаулар қажет: біз, тәрбиешілер, еңбегіміздің жемісін көріп жатырмыз, ал балалар үшін бұл жақсы тәжірибе, – дейді Теміртау қаласындағы «Айсұлу» балабақшасының тәрбиешісі Айсұлу Сейтова.

Байқауды ұйымдастырушылар Қарағанды облысының білім басқармасы мен «Сарыарқа дарыны» балаларға арналған облыстық ғылыми-практикалық қосымша білім беру орталығы.