Қарағанды облысының мектептерінде 172 мыңнан астам оқушыға соңғы қоңырау соғылды

Қарағанды облысының мектептерінде 172 мыңнан астам оқушыға соңғы қоңырау соғылды

Қарағанды облысы мектептерінің 172 мыңнан астам оқушысы үшін оқу жылы флешмоб, бірінші сынып оқушыларынан, ата-аналардан құттықтау және қоштасу вальсімен аяқталды.

Бүгін олар үшін мектептерде соңғы қоңырау соғылды.

Биыл облыста 11-сыныпты 7260 түлек бітірді. Олардың көпшілігі алдағы уақытта ұлттық бірыңғай тестілеуден өтеді.

Облыста "Алтын белгі" белгісіне 147 түлек, үздік аттестатқа – 412 түлек үміткер. 9-сыныпты 15 мыңнан астам оқушы бітірді.

Сәкен Сейфуллин атындағы Қарағанды гимназиясында салтанатты жиын дәстүрлі түрде түлектер шеруінен басталды. 

Оқу орнының директоры Салтанат Жүнісова сөз сөйледі.

– Бүгін түлектер мен олардың ата-аналары үшін өте әсерлі және сонымен бірге өте қуанышты күн. Мектеп кезеңі артта қалып, алда жарқын болашақ күтіп тұр. Сіздердің әрқайсыларыңыз өмірде өз орындарыңызды тауып, туған гимназияны және сіздерге барын салған мұғалімдерді жылы шыраймен еске алуларыңызды тілеймін, – деді Салтанат Жүнісова.

11ә сыныбының түлегі Мадияр Қуаныш өз өмірін электр энергетикасымен байланыстыруды жоспарлап отыр. Ол қазірдің өзінде университетті таңдап, соңғы ҰБТ-ға дайындалуда. Жас жігіт өз қабілеттеріне сенімді және сыныптастарына оптимизм тілейді.

– Мен атам мен анамның ізін жалғастырғым келеді. Олар осы салада жұмыс істейді. Атам – Қазақстанның құрметті энергетигі, – дейді Мадияр Қуаныш. – Сынақ ҰБТ-да орта есеппен 100 балл жинап жүрмін. Жыл бойы ҰБТ-ға дайындық пен оқуды, достарымен көңілді уақыт өткізуге, бәрін үлгеруге тырыстым. Өйткені, бұл біздің өміріміздің ұмытылмас жылдарымыз, ең жарқын шақ деп те айта аламыз. Мектеп менің екінші отбасым болды десем де болады. Мектептен кейін де сыныптастарыммен жылы қарым-қатынаста боламыз деп үміттенемін. Болашақ түлектерге мектептегі әр күннен ләззат алуды тілеймін, өйткені бұл уақыт енді оралмайды.

Бұл күні бірінші сынып оқушылары да ерекше әсерлі кейіпте.

Бір жыл ішінде олардың көпшілігі оқуда жетістіктерге жетіп, достар тапты.

– Мен бүгін бірінші сыныпты бітірдім. Жақсы оқимын, үздік оқушымын. Маған мектепте ұнайды, достарым көп. Сүйікті пәнім – математика. Берілген тапсырмаларды шешу маған оңай. Бірақ болашақта мен суретші болғым келеді. Шығармашылық маған жақынырақ, – деп бөлісті бірінші сынып оқушысы Аниса Асқарова.

Салтанатты жиын фотосессиямен аяқталды.