Қарағандылық оқушы"Абай жолы" романының негізінде үстел ойынын құрастырды

Қарағандылық оқушы"Абай жолы" романының негізінде үстел ойынын құрастырды

Қарағанды қаласының Назарбаев Зияткерлік мектебінің 11-сынып оқушысы Томирис Бақыт Мұхтар Әуезовтің "Абай жолы" роман-эпопеясы негізінде Аbsolutely obsolete үстел ойынын жасады. Ойынның арқасында бос уақытты қызықты өткізіп қана қоймай, қазақ әдебиеті және мәдениетімен жақынырақ танысуға болады.

Томиристің айтуынша, үстел ойынын құру идеясы "Абай жолы" романын оқу кезінде пайда болған.

– Романның бірінші томын оқығанда маған көптеген сөздер мен дәстүрлер түсініксіз болды. Мен өз құрдастарымнан сұрағанымда, адамдардың көбісінде осындай проблема бар екенін түсіндім. Сондықтан, шығарманы түсініп оқып, сөздік қорын арттыру үшін мен осындай ойын ойлап таптым, – деп бөлісті Томирис.

Бойжеткен өзінің жетекшісі Бақыт Мекеевамен бірге жобамен әрі қарай жұмыс істейтін болады.

"Абай жолы" романында сипатталған батырлар мен рулар туралы бөлім қосуды жоспарлап отырмыз – кейіпкерлердің шығармадағы рөлі және олар қатысқан оқиғалар туралы сұрақтары бар карточкалар.

Absolutely obsolete үстел ойынында қазір 60 карта бар.

Томирис өзінің болашағын биологиямен байланыстыруды жоспарлап отыр.

– Менің сүйікті пәндерім –Қазақстан тарихы, тілдер мен биология. Мен бірнеше тілді үйренгім келеді. Ал мамандық тұрғысынан биолог болғым келеді, – дейді Томирис.