Астанада 25 сәуірде NOMAD Run ультрамарафоны басталды. Бір күнде бес кәсіби қашықтыққа жүгіруші Қарағандыға жетіп, жергілікті жеңіл атлеттермен кездесіп, оларды қатарларына қосылуға шақырды.
Жарысқа қатысушылар бір айда 7500 км-ден астам жолды еңсеруді мақсат етіп отыр. Ультрамарафон бағыты бүкіл Қазақстан арқылы өтеді және 18 қала мен 100-ден астам елді мекенді қамтиды.
Жобаның бастамашысы – Марғұлан Ермағанбетов.
– Біздің басты мақсатымыз – салауатты өмір салтын насихаттау және ішкі туризмді дамыту. Еуропада жарыстар туризмді, саяхатты және спортты біріктіреді. Мен де осы бағытта дамуымыз керек деп шештім. Өткен жылы Алтай – Атырау бағытын өзім салдым. Барлығы 1800 км жүгірдім, – деп бөлісті NomadRun жарысын ұйымдастырушы.
Марғұлан Ермағанбетовтың бастамасын бірнеше адам қолдады. Олардың қатарында Қостанайдан келген жүгірушілер Дмитрий Каптел мен Меңдібай Әлімғазинов және Өскеменнен келген Тоқтар Ғалымжан бар. Соңғы сәтте шығып кеткен тағы бір свермарафоншы болды. Бірақ жарысқа бұрынғы қарағандылық, ал қазір елорда тұрғыны Тимур Әбілов өз үлесін қосты. Спортшы Астанадан Қарағандыға дейін 40 км жүгірді.
– Қатысушылардың бірі жүгіре алмаған кезде мен жігіттерді қолдауға ниет білдірдім. Өкінішке орай, бұдан әрі жүгірмеймін, басқа міндеттемелерім бар. Бірақ жарысқа қатысушылар тапсырманы орындайды деп сенемін және барлық ниет білдірушілерді олардың қатарына қосылуға шақырамын. Мен өзім триатлонмен айналысамын. Сондықтан мен физикалық дайындалған адам үшін күніне 40–60 км жүгіру қиын емес екенін білемін. Бұл әуесқой триатлет үшін ұзақ жақсы аэробты жаттығу болады. Бірақ 2 немесе 5 және 10 км жүгіруге болады – ол өз қалауыңызша, – дейді Тимур Әбілов.
Маршруттың жүру жолы бойынша жүгірушілер облыс орталықтарында тоқтап, қазақстандықтарды көшпенділер марафонына қосылуға үгіттейтін болады.
Келесі аялдама – Жезқазған. Супер жүгіру бір айдан кейін Ақтауда аяқталады. Егер қатысушылар уақыт пен километраж бойынша үлгерсе, NomadRun ультрамарафоны Қазақстанның рекордтар кітабына енуі мүмкін.