Қарағанды облысының жолдарынан құтқарушылар 60-тан астам адамды эвакуациялады

Қарағанды облысының жолдарынан құтқарушылар 60-тан астам адамды эвакуациялады

Қарағанды облысы ТЖД бөлімшелері 17 сәуірге қараған түні автожолдарда авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізді. 63 адам эвакуацияланды.

Бұқар Жырау ауданында, Қызылорда – Павлодар автожолының 1024 шақырымында жолаушылары бар автобус жол жиегіне шығып кеткен. Көлік Қарағанды – Өскемен бағыты бойынша жүріп бара жатқан. Оқиға Қарағандыдан 50 шақырым жерде болған. Құтқарушылар ол жерге дереу жетіп, автобустан Қарағандыға 38 адамды эвакуациялады.

Сондай-ақ, Бұқар жырау ауданында, Алматы – Екатеринбург автожолының 1046 шақырымында, Теміртаудан 12 шақырым жерде Қарағанды облысы ТЖД күшімен техникалық ақау салдарынан тұрып қалған автобустан Теміртауға 25 адамды эвакуациялады. Автобус Астана – Шымкент бағыты бойынша жүріп бара жатқан. Эвакуацияланған жолаушылар медициналық көмекті қажет етпеді.

Өңірдің ТЖД Қарағанды облысының аумағында дауылды ескерту жарияланғанын еске салады.

Ауа райының нашарлауына байланысты автокөлік құралдарының қозғалысы автожолдардың бес учаскесінде шектелген:

- Екатеринбург Алматы, 1353–1426-шы км, Ақмола облысының шекарасы – Теміртау қаласының төлем қабылдау пункті;

- Қарағанды – Аягөз – Бұғаз, 17–217 км, Қарағанды қаласы – Қарқаралы қаласы;

- Астана – Қабанбай-батыр – Нұра – Теміртау, 51–266 км, Ақмола облысының шекарасы – Теміртау қаласы;

- Қалқаман – Баянауыл – Үміткер – Ботақара, 231–324-ші км, Павлодар облысының шекарасы – Ботақара кенті;

- Қызылорда – Павлодар, 967–1135 км, Қарағанды қаласы – Павлодар облысының шекарасы.

Құтқарушылар келесідей кеңеске құлақ түруді ұсынады:

- елді мекендерден тыс жерлерге шықпау;

- жабылған автожолдарда көлік құралдарының кептелісін құрмау;

- мүмкіндігінше елді мекендерде, кемпингтерде, жол бойындағы дәмханаларда болу;

- автожолдардағы қозғалыстың жабылуы немесе шектелуі туралы ақпаратты қадағалаңыздар.

Ауа-райының өзгеруі және автожолдардың жай-күйі туралы жедел ақпарат "Дармен" мобильді қосымшасында, ТЖД-ның әлеуметтік желілердегі ресми парақшаларында қолжетімді.

Барлық оқиғалар мен ТЖ фактілері туралы мына телефондарға хабарласуға болады: 112 немесе (8-7212) 43-36-36, 43-37-37.

Қарағанды облысының ТЖД баспасөз қызметі