
Биылғы жылыту маусымы аяқталуға жақын. Шахтинск қаласында келесі қысқа дайындық үшін жөндеу науқаны басталады. Ол үшін қаржыландыру ұлғайтылды, облыстық және жергілікті бюджеттерден ақша бөлінді.
Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев жұмыс сапарымен Шахтинск пен Шаханда болды. Атап айтқанда, өңір басшысын ЖЭО мен қазандықтың жұмысы толғандырды. Жергілікті жерлерде жылыту маусымының қалай өткені туралы баяндалып, жөндеу жұмыстарының жоспары ұсынылды.

– Шахтинск ЖЭО 1964 жылдан бастап жұмыс істейді. Биыл кең көлемді жөндеу жұмыстары жоспарланған болатын. Негізгі жабдыққа жөндеу жүргізіледі: үш қазандық агрегаты, сорғы, екі турбоагрегатор. Сонымен қатар, біз жылу желілерін жөндейміз. Жөндеу науқанына миллиардтан астам теңге бөлінді – бұл әдеттегіден көп, – деді "Шахтинстеплоэнерго" ЖШС директоры Мұрат Әлімов.
Оның айтуынша, бұл жабдықтың тозу дәрежесін төмендетеді.

Шаханда Ермағанбет Бөлекпаев ауылдағы проблемалар мен даму әлеуетін талқылау үшін бастамашыл топпен кездесті.
Тұрғындар емхананы жөндеуді сұрады. Жұмыс басталды. Белсенділер медициналық мекеменің бос тұрған қосымша ғимаратын іске жаратуды ұсынды. Облыс әкімі бұл мәселені қарастыруды тапсырды.
Тұрғындар Шахтинск пен Шаханға апаратын жолдың жай-күйі мәселесін көтерді. Биыл Қарағанды – Саран – Шахтинск жолына күрделі жөндеу жұмыстары басталады. Жоба үш жылға есептелген.

Ермағанбет Бөлекпаев Шахтинск тұрғындарымен де кездесу өткізді.

Ашық микрофон форматында адамдар толғандырған проблемаларын ортаға салды. Олар негізінен ТКШ саласына, жолдардың жай-күйіне, моноқаланы абаттандыруға қатысты.

Шахтинск тұрғындары облыс әкіміне орталық аурухананың жұмысына қатысты шағым айтты. Олардың айтуынша, дәрігерге жазылу және кепілдендірілген тегін дәрі-дәрмектерді алу қиын.

– Олай болмауы керек! Анықтаңыздар, ретке келтіріңіздер. Егер осылай жалғаса берсе, жеке жауапкершілік шараларын қабылдаңыздар, – деп жауап берді өңір басшысы. – Мен сіздердің барлық сұрақтарыңызды жазып алдым. Қала әкімдігімен және салалық басқармалармен нақты жоспар қабылдаймыз.

Соңында Ермағанбет Бөлекпаев жеке мәселелері бойынша қабылдау өткізді.
