"Диалог кеншілер ұжымдарында тұрақты жағдайды қамтамасыз етеді" – "Қорғау" кәсіподақ басшысы

"Диалог кеншілер ұжымдарында тұрақты жағдайды қамтамасыз етеді" – "Қорғау" кәсіподақ басшысы

Қарағандыда кеншілер ұжымдарының мәселелері жөніндегі келісім комиссиясы жұмысын жалғастыруда. Кезекті отырысты облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев өткізді. Диалог алаңының тиімділігін "Қорғау" көмір өндірушілер кәсіподағының төрағасы Евгений Буслаев атап өтті.

– Осы форматта, өңір басшысының төрағалығымен біз ұзақ уақыт жұмыс істеп келеміз. Ең басында кеншілер ұжымы жұмыс берушіге 12 сұрақ қойды. Жұмыс барысында қосымша сұрақтар түсті. Бүгінде көпшілігі оң шешімін тапты. Көмір кәсіпорындарын дамытуға, жабдықты жаңартуға инвестициялауға қатысты ірі жүйелік мәселелер қалып отыр. Негізгі мәселе – кеншілер үшін зейнеткерлік жастың төмендеуі, – деп түсіндірді Евгений Буслаев. – Басты мақсат – тараптар арасындағы диалог. Осындай тығыз байланыстың арқасында біз мәселелерді шешеміз. Осылайша ұжымдарда тұрақты әлеуметтік жағдай қамтамасыз етіледі.

Оның айтуынша, кадр тапшылығы мәселесін шешуде ілгерілеу бар. Компания үнемі жаңа қызметкерлерді қабылдайды. Алайда, жүз пайыздық қамту туралы айтуға әлі ерте, сондықтан мәселе күн тәртібінен шығарылмайды.

Сонымен қатар, жер асты жұмысшыларын сауықтыру мәселелері де өзекті. Олар да кездесуде талқыланды.

Тұрғын үй мәселесі барлығы үшін маңызды. "Отбасы банкі" облыстық филиалының директоры Бауыржан Жуаспай кеншілер мен металлургтерге жеңілдікпен кредит беру бағдарламасының екінші кезеңі басталатынын хабарлады. Оған 1,5 млрд теңге қарастырылған: облыстық бюджеттен миллиард және 500 миллион теңге бөлінген, деп толықтырды банк өкілдері.

Облыс әкімі компанияны шетте қалмауға шақырды.

– Жұмысшыларыңызға көмектесу үшін сіздер де қосылыңыздар. Осы бағдарламаға өз үлестеріңізді қосыңыздар. Сонда көп отбасы оны пайдалана алады, – деді Ермағанбет Бөлекпаев.

Аймақ басшысы мен компания басшылығының қатысуымен кеншілер мәселелері бойынша кездесулер тұрақты негізде жалғасады.