Қарағанды облысында бизнестің дамуына қандай сыбайлас жемқорлық тәуекелдері кедергі келтіреді

Қарағанды облысында бизнестің дамуына қандай сыбайлас жемқорлық тәуекелдері кедергі келтіреді

Қарағанды облысының әкімдігінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі өңірлік комиссияның отырысы өтті. Мемлекеттік органдар тарапынан бизнеске қатысты сыбайлас жемқорлық тәуекелдері талқыланды.

Қазіргі уақытта сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет "Атамекен" палатасымен бірлесіп тұрақты мониторинг жүргізуде. Өңірде кәсіпкерліктің дамуына кедергі келтіретін сыбайлас жемқорлық тәуекелдері қандай салаларда анықталғаны жайлы ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі департаментінің превенция басқармасының басшысы Бауыржан Құсаинов айтып берді.

– Биылғы жылдың тек бірінші тоқсанында ғана сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет 898 кәсіпкердің құқығын қорғады. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар жақсы нәтиже береді. БАҚ-тың арқасында бізге кәсіпкерлік субъектілері түрлі мәселелер бойынша белсенді түрде жүгінуде. Атап айтқанда, бұл бизнес нысандарының коммуналдық желілерге қосылуға техникалық шарттар беруден негізсіз бас тарту, – деді Бауыржан Құсаинов.

Бұл мәселені шешуде қазірдің өзінде құрылған геоақпараттық портал көмегі тиіп жатыр. Ол техникалық шарттарды, сондай-ақ жер учаскелерін беру процесін ашық етеді. Басқарма қызметкерлері мен монополистер ашық қолжетімділікте болу үшін қажетті деректерді енгізуі керек.

Сыбайлас жемқорлық құрамдас бөліктері жер және жер қойнауын пайдалану, ауыл шаруашылығы, медицина және білім беру салаларында да табылды. Мәселен, қалалар мен аудандардың білім бөлімдері тарапынан жекеменшік мектепке дейінгі мекемелерді заңсыз тексеру фактілері анықталды. Жағдай түзетілді, бірақ бұл жеке балабақшалар бақылаусыз қалады дегенді білдірмейді. Білім басқармасының басшысы Гүлсім Қожахметованың айтуынша, ата-аналардың өтініштері негізінде ведомство енді жоспардан тыс мониторинг жүргізуге құқылы.

Отырыс барысында өңірдегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жүйесін одан әрі жетілдіру және бизнесті дамыту үшін қолайлы жағдайлар жасау жөнінде бірқатар ұсыныстар келіп түсті.

Сондай-ақ, облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев қалалар мен аудандардың әкімдеріне, басқарма басшыларына сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар мен қылмыстар көріністерінің барлық фактілерінің жолын кесуді тапсырды.

– Сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жою бойынша, оның ішінде бизнеске жер учаскелерін бөлу саласында, сондай-ақ бизнес объектілеріне инфрақұрылым мен коммуналдық желілерді жеткізу мәселелерінде жоспарлы жұмыс жүргізу қажет. Бизнеске тосқауыл қоймай, мемлекеттік ұйымдардың лауазымды тұлғалары тарапынан кедергілерді тоқтату керек, – деп атап өтті өңір басшысы.