Қарағандыда қандай тұрғын үй кешендері заңсыз салынып жатыр

Қарағандыда қандай тұрғын үй кешендері заңсыз салынып жатыр

Қарағандылықтарды заңсыз салынып жатқан тұрғын үй кешендерінен пәтер сатып алуда сақ болуға шақырады. Облыс орталығында жеті жаңа ғимарат бойынша жұмыстар сот шешімімен тоқтатылды, тағы үшеуі бойынша материалдар қаралуда. Олардың барлығы жобаның сараптамасынсыз салынған. Қазір үлескерлердің ақшасын тарта алмайтын құрылыс салушылардың "қара тізімі" қалыптастырылуда.

Қарағанды облысының мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасында қандай тұрғын-үй кешендері заңсыз салынып жатқанын хабарлады.

Бұл тізімге келесі нысандар кірді:

"Хан" ТК (Мұқанов көшесі, 19/2 уч.), құрылыс салушы – "Satti Lux Stroy" ЖШС;

"Манхэттен" ТК (Тәттімбет көшесі, 10Б з/у), құрылыс салушы – "КапиталСтрой-XXI" ЖШС;

"Al-Farabi" ТК (Мұқанов көшесі, 55/2), құрылыс салушы – "Turan Invest Development" ЖШС;

"Томирис" ТК (067-ші есептік орам, 502-ші құрылыс), құрылыс салушы – "Тұрғын үй қоры"ЖШС;

"Баспана-3" ТК (Мұқанов көшесі, 43/4), құрылыс салушы – "СМК Group" ЖШС;

"Central Park" ТК (Мұқанов көшесі, 9/3-ші құрылыс), құрылыс салушы – "СМК Group" ЖШС;

"Нұра" ТК (Мұқанов көшесі, 51,4 учаскесі), құрылыс салушы – "Satti Lux Stroy" ЖШС;

КТҮ (Ержанов көшесі, 63/2), құрылыс салушы – "Revival alliance" ЖШС;

КТҮ (Рысқұлов көшесі, 5/3), құрылыс салушы – С. А. Есенбаев;

ТК (Университетская көшесі, 28/19), құрылыс салушы – "Sadu group" ЖШС.

– Жалпы, біз салынып жатқан 60-қа жуық тұрғын үй нысандарын бақылауда ұстап отырмыз. Мониторинг барысында хабарлау тәртібі бұзылған он тұрғын үй кешені анықталды. Заң бойынша әрбір құрылыс салушы бізге құрылыстың басталғаны туралы хабарлауы керек. Бұл онлайн, электрондық үкіметтің веб-порталы арқылы жүзеге асырылады, – деп түсіндірді ГАСК басқармасының басшысы Сержан Аймақов. – Бар мәселе негізінен сараптама қорытындысының болмауында. Яғни, олар авторлық және техникалық қадағалаусыз құрылыс жүргізуде. Үлескерлер үшін қауіп-қатерлер туындайды. Бірақ мораторийге байланысты біз шағын кәсіпкерлік субъектілеріне тексеру жүргізе алмаймыз.

Ол заңсыз салынған жаңа ғимараттардың ішінде тоғыз қабатты тұрғын үй кешендері бар екенін атап өтті. Болашақта олар қабылдау актілерін ала алмайды. Сонымен қатар, үйлерді бұзу туралы сот ісін бастауға болады.

Құрылыс салушылар ҚР ӘҚБтК-нің 314, 316, 321 және 463-баптары бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

– Бұдан басқа, заңда ӘҚБтК-нің 320-бабы бойынша үлескерлерді заңсыз тартқаны үшін жауапкершілік көзделген. Әлеуметтік желілердегі жарнама бойынша біз материалдарды сотқа беру үшін құқық бұзушыларды анықтаймыз. Мәселен, 2022 жылы "OPTIMAL BUILD COMPANY" ЖШС "Третий оптимальный" ТК (Мамраев ш / а, 6/3 құрылысы) бойынша, "ProfInvest" ЖШС "Zaman 2" ТК (Бөкетов к-сі, 60а) бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бүгінгі таңда "Манхэттен" ТК бойынша "КапиталСтрой-XXI" ЖШС (Тәттімбет көшесі, 10Б з/у), "Аспан" ТК бойынша "SAPA CITY" ЖШС (Карбышев көшесі, 5/3) қатысты хаттамалар жасалды. Бұл жұмысты жалғастырамыз, – деді Сержан Аймақов.

Құрылысшылардың "қара тізіміне" енген әрбір компания жарияланатын болады.