Қарағандылық оқушылар командасы Республикалық пәндік олимпиадада үшінші орын алды

Қарағандылық оқушылар командасы Республикалық пәндік олимпиадада үшінші орын алды

Жаратылыстану-математикалық бағыттағы пәндер бойынша республикалық олимпиадада қарағандылық оқушылар жалпы командалық үшінші орынға ие болды.

Қатысушылардың жеке жетістіктерінің қоржынында екі бірінші, бес екінші, он екі үшінші орын және бір грамота, сондай-ақ жоғары оқу орындарында оқуға арналған үш грант бар.

Шымкентте 9–11 (12) сынып оқушыларының математика, физика, химия, биология, география және информатика пәндерінен дәстүрлі зияткерлік жарыс өтті. Қарағанды облысының атынан 37 оқушы қатысты.

Физикадан бірінші орынды Н. Нұрмақов атындағы Қарағанды орта мектебінің 9-сынып оқушысы Нұргүл Егенбергенова иеленді.

– Бір жыл бойы физика пәнінен олимпиадаға дайындалдым. Бұған дейін мен тек облыстық және аудандық турларға қатыстым. Мен үшін тапсырмалар қиын болған жоқ. Алдағы уақытта да осындай жақсы нәтижелер көрсетемін деп үміттенемін, – дейді Нұргүл Егенбергенова.

Математикада бірінші орынға Қарағандының "Білім-инновация № 1" лицей-интернатының тоғызыншы сынып оқушысы Жанарыс Теңдіков ие болды.

– Өткен жылы мен осындай олимпиадаға қатыстым, Бірақ жүлделі орын алмадым. Қазір олимпиада маған қиын болған жоқ. Енді мен өзімді халықаралық деңгейде көрсеткім келеді. Олимпиаданың арқасында Қазақстанның түкпір-түкпірінен достарым пайда болды, – деп бөлісті Жанарыс Теңдіков.

Сондай-ақ, үш оқушыға жоғары оқу орындарында оқуға гранттар табысталды. "Торайғыров университет" КЕАҚ гранты – № 32 ЖОББМ 11-сынып оқушысы Константин Азвездопуло, Алтынсарин атындағы Арқалық педагогикалық институты – № 1 БИЛ-нің он бірінші сынып оқушысы Шыңғыс Қойшыбай және ҚБТУ гранты – Н. Нұрмақов атындағы ММЛИ 11-сынып оқушысы Рамазан Пердебайға тапсырылды.