Қыдыр-ата Қарқаралы ауданының оқушыларын Наурызбен құттықтады

Қыдыр-ата Қарқаралы ауданының оқушыларын Наурызбен құттықтады

Қарқаралыда Қыдыр-ата оқуда үлкен жетістіктерге жеткен оқушыларды және ерекше балаларды Наурыз мерекесімен құттықтады. Зерек балалар үшін Әлімхан Ермеков атындағы орта мектепте мерекелік іс-шара дайындалды.

Театрландырылған қойылымдар, өлеңдер, әндер мен билер. Қарқаралының оқу үздіктері, зияткерлік байқаулардың жеңімпаздары мен ерекше балалар Әлімхан Ермеков атындағы мектепте нағыз мерекелік концерт ұйымдастырды. Олар бірнеше ауылға бөлініп, киіз үйлер орнатып, өз шеберліктері мен таланттарын көрсетті.

Мерекелік іс-шараны Қыдыр ата ашты, ол оқушыларға сыйлық сертификаттарын ұсынды. Сондай-ақ, балаларға Қарқаралы ауданының әкімі Ерлан Құсайын ізгі тілектерін білдірді.

– Наурыз мерекесімен құттықтаймын! Ол баршаңызға бақыт пен жақсылық әкелсін. Сіздерге оқуда табыс, алға қойған жоспарларыңызды жүзеге асыру, болашақта еліміздің өркендеуі үшін еңбек етулеріңізді тілеймін! – деді аудан басшысы.

Ақжол ауылындағы А. Бүркітбаев атындағы № 12 мектептің бесінші сынып оқушысы Хансұлу Ахметбекова жиналғандарға «Қош келдің, Наурыз» атты өзі шығарған өлеңін оқыды.

– Маған іс-шара өте ұнады. Мен басқа ауылдардағы, мектептердегі құрдастарыммен таныстым, –  деді Хансұлу.

Оқушылар мерекеге орай көрмелер ұйымдастырды. 

 Ұлттық салт-дәстүрлер бойынша байқауларға қатысты.