Халықаралық әйелдер күнін мерекелеу қарсаңында Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев көп балалы аналармен және түрлі мамандықта жетістікке жеткен әйелдермен кездесті.
Шақырылғандар қатарында мұғалімдер мен дәрігерлер, мәдениет және спорт қайраткерлері, кәсіпкерлер мен полиция қызметкерлері болды.
Өңір басшысы көп балалы аналарға "Алтын алқа" және "Күміс алқа", кәсіби салада жетістікке жеткен әйелдерге алғыс хаттар табыс етті.
– Бүгін облыстың барлық аудандары мен қалаларының, түрлі жастағы және түрлі кәсіп өкілдері, біздің қоғамда болып жатқан жаңару үдерістеріне белсенді атсалысушылар жиналды, – деді Ермағанбет Бөлекпаев. – Облыстық және аудандық мәслихаттар депутаттығына үміткерлердің 30 пайыздан астамы әйелдер. Мен биліктің барлық тармақтарында әйелдер көп болғанын қалаймын. Барлық аналарға ерекше алғыс айтқым келеді. Сіздер жас ұрпақты, біздің ұлтты тәрбиелеп отырсыздар!
Қарағанды облысында "Алтын алқа" төсбелгісі 17 көпбалалы анаға, ал 49 әйелге "Күміс алқа" табысталды.
Алтын алқа иелерінің бірі Тамара Сезнева. Ол күйеуімен бірге жеті бала тәрбиелеп отыр. Ең үлкен ұлы 21 жаста, ал ең кіші баласы небәрі 2,5 жаста.
– Бізге үлкен жауапкершілік жүктеледі, себебі біздің балаларымыз – елдің болашағы. Менің жеті балам бар. Олардың әрқайсысына уақыт пен көңіл бөлуге тырысамын, – дейді Тамара Сезнева. – Мемлекет көпбалалы отбасыларға қамқорлық жасайтынына ризамын. Менің балаларым оларға жүктелген үмітті ақтап, болашақта елдің игілігі үшін жұмыс істейді деп үміттенемін.
Кездесуде өңір басшысы облыстағы автобус жүргізетін жалғыз әйел Мұңсыз Тілегеноваға ерекше назар аударды. Ол 59 жаста. Жүргізуші өтілі 40 жыл. Соңғы тоғыз жыл бойы Мұңсыз Тілегенова Қарағандының № 3 автобус паркінде жұмыс істейді.
– Мен көпбалалы отбасынан шыққанмын. Ақтөбеде дүниеге келгем. Менің ата-анам он қыз және үш ұл тәрбиелеп өсірді. 19 жасымда Ақтөбеде троллейбус жүргізушісіне оқыдым, содан бері жұмыс істеймін. Біз Қарағандыға көшкен кезде, жұмыс таба алмаймын деп ойладым, – дейді Мұңсыз Тілегенова. – Автопаркке барып едім, мені кондуктор қызметіне алды. Содан кейін жүргізуші болып ауыстым. Мен өз жұмысымды, әсіресе ұжымымды жақсы көремін.
Өңір әйелдерімен кездесу Сәкен Сейфуллин атындағы академиялық қазақ драма театрында мерекелік концерттік бағдарламамен жалғасты.