Көз – қорқақ, қол – батыр: Қарқаралыда тұратын нәзік жанды көлік жөндеумен айналысады

Көз – қорқақ, қол – батыр: Қарқаралыда тұратын нәзік жанды көлік жөндеумен айналысады

Қарқаралы тұрғыны Маржан Оспанова 17 жылдан бері автомобиль бамперлерін жөндеп, бояп келеді. Ұқыпты жұмысы үшін тұтынушылар оны бояу перісі деп атайды.

Маржан Оспанова 51 жаста. Білімі бойынша ол тігінші. Бір кездері тігін фабрикасында жұмыс істеген, содан кейін медициналық мекемеде шаруашылық бойынша медбике болып қызмет еткен.

–  Менің күйеуім Талғатбек Оспанов өмір бойы автомобильдер жөндеумен айналысады. Ол көліктің майысып кеткен кузовын түзетеді. Бастапқыда мен оған аздап көмектестім. Ал 2006 жылы біз көлік сатып алдық, – дейді Маржан, – Жұбайыммен бірге оны жөндедік. Содан бері мен оның тұрақты көмекшісімін, серіктесімін. Ол тегістейді, мен бояймын. Бұл көп уақытты қажет ететін процесс. Кейде дәнекерлеуіміз керек.

Маржан бір бамперді жөндеуге және бояуға орта есеппен 2–3 күннен бір аптаға дейін уақыт жұмсайды. Оның күйеуімен бірге жүзге жуық тұрақты клиенттері бар. Қарқаралы мен жақын орналасқан ауылдардың көптеген автокөлік иелері өз көліктерін тек Оспановтар отбасына сеніп тапсырады.

– Мен өз жұмысымды жақсы көремін. Ия, ол оңай емес, бірақ көз - қорқақ, қол – батыр. Біз клиенттерді қуанту үшін жұмысымызды барынша ұқыпты орындауға тырысамыз. Бамперді тегістеу, бояу бірнеше сатыда жүзеге асырылады. Мұның бәрі үлкен шыдамдылық пен шеберлікті қажет етеді, – дейді Маржан.

Ерлі-зайыптылар үш қыз тәрбиелеп, ұясынан ұшырған, енді бір ұл мен немерелерін тәрбиелеп отыр.

– Ұлым 14 жаста, ал қыздарым ересек. Мен немерелерімді өте жақсы көремін. Олар маған қонаққа келгенде мен үшін бұдан артық бақыт жоқ. Қазір қыздарымның бірі сәби күтуде. Бұл мен үшін 8 наурызға ең жақсы сыйлық, – дейді Маржан.

– Нәзік жандылардың барлығын мереке қарсаңында зор денсаулық пен бақыт тілегім келеді. Әйелдер жұмыс пен қиындықтардан қорықпауы тиіс. Қаласаңыз, бәрін жеңуге және кез-келген мамандықты игеруге болады.