Қарағандылық сегіз жасар оқушы өрт аузынан қарындасын құтқарып қалды

Қарағандылық сегіз жасар оқушы өрт аузынан қарындасын құтқарып қалды

Қарағандыда сегіз жастағы оқушы Нұриден Амантай жанып жатқан үйден екі жасар қарындасын құтқарды. Олардың тұрғын үйі толығымен отқа оранып, балалардың атасы мен әжесі күйіктен қайтыс болды.

Өрт өткен жылдың желтоқсан айында болған. Бірақ кішкентай батыр ол туралы қазір ғана айта алады. Бала қолы мен бетінен күйік алып, туыстарынан айырылды.

– Өрт үйде мен қарындасым, атам және әжем болған кезде басталды. Пеш тұрған кіреберісте бірдеңе жарылып кетті. Біз ол уақытта ас үйде тамақтанып отырған едік. Атам мен әжем дәлізге не болғанын көру үшін шығып кетті, олар ұзақ уақыт оралмады. Содан кейін мен олардың артынан барып, пештің жанында бәрі жанып тұрғанын көрдім, – дейді Нұриден. – Мен дәлізден шығу мүмкін емес екенін түсіндім. Ас үйге жүгіріп барып, анама қоңырау шалып, қарындасымды алып, оны терезенің алдына көтердім. Содан кейін оған өзім көтеріліп, Рабиямен бірге секіргуге дайындалдым. Осы кезде көршілер терезеге қарай жүгіріп келіп, мен оларға қарындасымды беріп, өзім шықтым.

Балалардың ата-әжесі сыртқа шыға алды, бірақ денелерін 40 және 60 пайыз күйік шалды. Олар Нұриденмен бірге ауруханаға жатқызылды.

– Мен келгенде үй лапылдап жанып жатты. Күйеуімнің ата-анасын жан сақтау бөліміне, Нұриденді қарапайым палатаға жатқызды. Өкінішке орай, екі күннен кейін қайын атам қайтыс болды. Тағы екі аптадан кейін қайын енем қайтыс болды. Қазір біз күйеуіміздің туыстарында екі бөлмелі пәтерде тұрамыз. Олардың бес баласы бар, – дейді Нұриденнің анасы Надира Ақышова.

Надираның жұбайымен бірге төрт баласы бар. Нұриден мен Рабиядан басқа 10 жасар ұлы мен 13 жасар қызы бар. Өрт кезінде олар мектепте болған. Қазір отбасы баспанаға мұқтаж.

Жуырда № 36 жалпы білім беретін мектептің үшінші сыныбында оқитын Нұриденге қалалық білім бөлімінің басшысы Есентай Әшім қонаққа келді. Ол оқушыға төтенше жағдайда көрсеткен батылдығы мен табандылығы үшін алғысын білдіріп, білім бөлімінің қызметкерлері атынан велосипед сыйлады.