Биыл Шет ауданында 10 ауылда жолдар жөнделеді

Биыл Шет ауданында 10 ауылда жолдар жөнделеді

Шет ауданында биыл 10 ауылда жолдар жөнделеді. Барлығы 24 шақырымнан астам жол төсемі ретке келтіріледі.

Шет ауданының дамуы туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі платформасында өткен брифингте аудан әкімі Мұхит Мұхтаров айтып берді.

– Сондай-ақ, аудандағы облыстық маңызы бар жолдарды орташа жөндеумен қамтуды жоспарлап отырмыз, – деп атап өтті Мұхит Мұхтаров. – 2023–2024 жылдарға ауданда "Жайлы мектеп" жобасы аясында С. Сейфуллин және Ақсу-Аюлы ауылдарында барлығы 500 орындық екі мектеп салу жоспарланған.

Биыл ауданда 10 фельдшерлік-акушерлік пункт пен 11 медициналық пункт құрылысы басталады. "Ауыл – Ел бесігі" жобасы аясында республикалық бюджеттен Мойынты кенті мен Босаға ауылының Мәдениет үйлерін күрделі жөндеуге қаржы бөлінді.

Аудандық бюджет есебінен Ақсу-Аюлы, Ақой, Бұрма ауылдарының мәдениет үйлерінің жылыту қазандықтарын көшіру жоспарланған.

Сонымен қатар, биылғы жылы Ағадыр, Ақсу-Аюлы, Босаға, С.Сейфуллин, Мойынты елді мекендерінде 164 жарықтандыру тірегі орнатылады. Аудан орталығы мен Ағадырда үш көпқабатты үйдің қасбеттері мен шатырлары жөнделеді.