Ғажайыпқа сену керек: қарағандылық құтқарушылар Түркиядағы үйінділерден үш адамды құтқарды

Ғажайыпқа сену керек: қарағандылық құтқарушылар Түркиядағы үйінділерден үш адамды құтқарды

Түркиядан оралған Қарағандылық құтқарушылар жойқын зілзаладан кейін төртінші тәулікте алты қабатты үйдің қирандыларынан үш адамды қалай тауып, қалай шығарып алғандарын айтып берді.

Құрамында қарағандылық жауынгерлер мен дәрігерлер болған қазақстандық құтқарушылардың екінші борты 8 ақпанда Түркияға ұшып кетті. Газиантеп провинциясына келгеннен кейін олар жер сілкінісінен қатты зардап шеккен Нурдагы қаласына аттанды. Апаттық-құтқару жұмыстарының бірінші күні кешке қарағандылық мамандар үйінділерден үш адамды құтқарды.

– Нұрдағыға келгеннен кейін бізге алты қабатты үйдің үйінділерін аршу тапсырылды. Ол толығымен қираған болатын. Үйінділердің астында болуы мүмкін адамдардың шамамен санын білгеннен кейін біз жұмысқа кірістік. Үйінділер арнайы техникамен де, құралдармен де тазартылды. Кей жерлерге жорғалап өтуге тура келді, – дейді Қарағанды қаласының № 2 құтқару бөлімшесінің басшысы Руслан Сойко. – Осылайша, жертөлені барлау кезінде біз бір әйелдің дауысын естідік. Аудармашының көмегімен біз екі әйелдің орналасқан жерін анықтай алдық. Олар айналасын, дыбыстардың қайдан жетіп жатқанын сипаттады. Белгілі болғандай, олар екінші қабатта тұрған, бірақ плиталар жылжи бастаған кезде олар жертөлеге құлап түскен. Онда шағын кеңістік пайда болып, соның арқасында олар аман қалды. Зардап шеккендер бұрышта отырды. Бізді көргенде, олар, әрине, қуанып, су сұрады.

Табылған әйелдер анасы мен қызы болып шықты. Олар үйінділердің астында 93 сағат өткізді.

– Біз бұл әйелдерді іздеген кезде тағы бір адамды таптық. Думан Хамзин жертөледе біреудің терең тыныс алып жатқанын естіді. Нәтижесінде есік топсасына қолы мен аяғы қысылған 60 жастағы ер адамды тауып алдық, – дейді жедел-құтқару жасағының құтқарушысы Сергей Тарынин. – Ол ер адам есту және сөйлеу мүкістігі бар болып шықты. Біз оны шығарып, дәрігерлерге тапсырдық. Жұмысымыздың соңғы күнінде бізге ағасын іздеген бір адам келді. Біз одан фотосурет сұрап, жоғарыда атап кеткен құтқарған адамды таныдық. Бұл оқиғадан соң мен ғажайыпқа сенуге мәжбүр болдым.

Түркиядағы авариялық-құтқару жұмыстары қарағандылық жауынгерлер үшін осындай ауқымды жер сілкінісінің салдарын жоюдағы алғашқы тәжірибе болды. Құтқарушылар моральдық тұрғыдан ең қиын нәрсе қаза тапқандардың денелерін үйінділерден шығару болғанын мойындайды. Алайда, олар сезімге бой алдырмаған, себебі әр минут санаулы, адам өмірін құтқаруда сол мезеттердің өзі маңызды болды.

– Үйінділерді аршу және барлау барысында біз әртүрлі заттарды, соның ішінде сейфтерді, бағалы заттарды тауып, оларды бірден жергілікті әріптестерімізге бердік. Үйінділердің астынан тотықұстар торын тауып алғанымыз қызықты оқиға болды. Ол аздап мыжылып қалған. Бірақ құстар зардап шеккен жоқ. Оларды бірден иелері алып кетті, – деп бөлісті құтқарушылар.

Нұрдағыда жұмыс істеген кезде қарағандылық құтқарушылар үйінділерден 11 адамды шығарып үлгерді. Тағы 90-ға жуық адам апаттар медицинасы орталығының фельдшері мен дәрігерінен алғашқы медициналық көмек алды.