Балқашта көпқабатты үйлердің төбесі мен қасбеттері ретке келтіріледі

Балқашта көпқабатты үйлердің төбесі мен қасбеттері ретке келтіріледі

Балқашта көпқабатты тұрғын үйлерді жаңартуға белсене кірісті. Облыстық және жергілікті бюджеттер есебінен қасбеттер мен шатырлар жөнделеді.

Биылғы жылы "Қоңырат" шағын ауданындағы үйлер ретке келтіріледі, олардың сыртқы келбетіне қатысты тұрғындардан шағымдар келіп түскен.

ТКШ саласындағы жоспарлар туралы Балқаш әкімі Қайрат Қамзин айтып берді.

– Облыстық бюджеттен бөлінген қаражатқа 16 көпқабатты үйдің қасбеттері және біреуінің шатыры жөнделеді. Қалалық бюджет қаражаты есебінен "Қоңырат" шағын ауданының проблемалы үйлеріндегі шатырлар мен қасбеттерді жөндеу жоспарлануда, – деді қала басшысы.

Оның айтуынша, Балқашта тұрғын үй қорын жақсарту бойынша үш жылдық жоспар қабылданған. 2026 жылға қарай жөндеуді қажет ететін барлық көпқабатты үйлерді ретке келтіру көзделіп отыр. 

Қалада жылумен жабдықтау саласында екі ірі жоба жоспарланған. Балқаштың магистральдық және орамішілік жылу желілерін реконструкциялау, жұмыс кентінде жылу құбырын салу бойынша жобалау-сметалық құжаттама әзірленді. Мемлекеттік сараптаманың қорытындысын алғаннан кейін қаржыландыру мәселесі шешілетін болады.

Сонымен қатар, Балқашта су құбыры желілері қайта жаңартылуда. Жоба кезең-кезеңімен жүзеге асырылып жатыр. 2022 жылы 11 км жаңартылды, биыл тағы 25 км ауыстыру жоспарланған.

Сондай-ақ, кәріз желілерін қайта құру қарастырылған. Бұру коллекторын жаңарту бойынша ЖСҚ әзірленетін болады.