Сегіз жасар қарағандылық "Сұлулық әлемі" қалалық жас шаштараздар байқауында жеңіске жетті

Сегіз жасар қарағандылық "Сұлулық әлемі" қалалық жас шаштараздар байқауында жеңіске жетті

Сегіз жасар Альмира Қабденова "Сұлулық әлемі" қалалық жас шаштараздар байқауында бірінші орынға ие болды. Үшінші сынып оқушысы кіші жас санатында өнер көрсетті.

"Сұлулық әлемі" байқауы Қарағанды қаласының № 2 Оқушылар сарайында өтті. Оған студиялар мен шаштараз үйірмелеріне баратын 50 оқушы мен студенттер қатысты. Қатысушылар 9–12 және 13–16 жас аралығындағы екі жас санатында бақ сынасты.

Альмира Қабденова, жасына қарамастан, керемет нәтиже көрсетті және өзінің үлкен қарсыластарынан асып түсті.

– Мен әл-Фараби атындағы 102-ші мектеп-гимназияда оқимын. Екінші жыл № 2 Оқушылар сарайындағы шаштараз үйірмесіне барамын. Мұғалімім Любовь Шелбиевна Русия. Ол маған көп нәрсені үйретті. Мен қазір шашымды әртүрлі тәсілдермен өруді меңгердім, сонымен қатар мектепке арналған, классикалық және кешкі шаш үлгілерін жасаймын. Бұл маған мектепке тез жиналуға көмектеседі, – дейді Альмира. – Мен өз моделіме екі шаш бума жасап, оларға гүлдер салдым. Шаштараз өнері мен үшін хобби. Үйірмеде әрі қарай айналысқым келеді және өз шеберлігімді жетілдіргім келеді.

Шаштараз сабақтарымен қатар Альмира қолөнермен, бимен, кескіндемемен айналысады.

– Мемлекет балаларға дамуға мүмкіндік беретіні өте керемет. Біз Альмираны екі жасынан бастап әртүрлі үйірмелерге апардық, бірақ олардың барлығы қаланың әртүрлі бөліктерінде болды. Жәнеде оның барлығы ақылы еді. Қазір екінші Оқушылар сарайы салынғаннан бері барлық үйірмелер жақын және тегін. Бізге өте ыңғайлы, себебі дәл осы маңда тұрамыз. Сарайдағы жабдықтар да, мамандар да жақсы екенін атап өткім келеді, – деді Альмираның анасы Назира Дүйсембаева.

Жоғары жас санатында бірінші орынды Амина Абзалова, Софья Текмаева және Анастасия Жмайлова иеленді. Екінші орын Адиля Сыздықбаева мен Кети Русияға бұйырды.

– Мен өзім оқыдым. Бала кезімнен шаш өргенді ұнатамын. Мен негізінен Мөлдір атты сіңілімнің шашын өріп, жаттығамын. № 12 жалпы білім беретін мектептің тоғызыншы сыныбында оқимын. Байқауда менің күш-жігерімді бағалағанына қуаныштымын, – деп бөлісті Адиля Сыздықбаева.

Кети Русия анасын өзінің басты ұстазы деп атайды. Бала кезінен анасы қызына әртүрлі өру техникасын, шаш үлгісін жасауды үйреткен.

– Мен 14 жастамын, № 64 ЖББМ сегізінші сыныбында оқимын. Екі жылдан бері мен № 2 Оқушылар сарайында шаштараз үйірмесінде оқып келемін, маған ұнайды. Бала кезімнен қуыршақтардың шашын қырқып, өретінмін. Қазір барлық сыныптастар менен шаштарын өріп беруді сұрайды. Маған қиын емес. Жалпы, мен шашымды өріп жатқанда, ойым бөлінеді, тынышталамын. Бұл менің хоббиім, – дейді Кети. – Маған байқау ұнады.

Іс-шараны Қарағандының білім бөлімі мен № 2 Оқушылар сарайы ұйымдастырды.

– Мұндай байқау алғаш рет өткізілді. Ең кішкентай қатысушы – 8 жаста, ал ең үлкені – 17. Барлығы сән көрсетілімдері сияқты болды. 

Жұмыс аяқталғаннан кейін модельдер көрермендер мен қазылар алқасының алдында дефиле өткізді, ал жас шаштараздар шаш үлгілерінің құпияларымен бөлісті, – дейді № 2 Оқушылар сарайының әдістемелік кабинетінің меңгерушісі Аяш Алдабергенова. – Жеңімпаздар дипломдармен және сертификаттармен марапатталды, сондай-ақ оларға сыйлықтар табысталды.