
Шет ауданының Кеңшоқы ауылының тұрғындары тазы өсіріп, саятшылардың клубын құрды.

Қазір Кеңшоқы елді мекеннің әр ауласында екі-үш тазыны көруге болады. Негізгі селекционер – Асхат Аманбаев. 30 жыл бойы Асхат қазақи тазы популяциясына қамқорлық жасап келеді және оларға жайлы иелерін табуда.

– Үш-төрт жыл бұрын менде 80 тазы болды. Күшіктермен бірге олардың саны 300-ге жетті. Уақыт өте келе мен оларды достарыма, туыстарыма тарата бастадым. Асыл тұқымды тазылар - біздің жеті қазынамыздың бірі. Олар әр үйде болуы керек, – дейді Асхат Аманбаев. – Қазір менде тек 30 тазы бар. Олардың бірнешеуі – 2018 жылы Таразда өткен Халықаралық жарыстың Гран-при иегерлері.

Қазақ тазысы өзінің мінезімен танымал. Тазылар тіпті өзінен екі есе үлкен аңдардан да қорықпайды. Олар қоян мен қасқырды оңай аулайды. Аталмыш тұқымды ит қазақ халқының жеті қазынасының бірі болып саналады. Асхат асыл тұқымды иттерді өсіру оңай емес екенін мойындайды.
– Бала күнімнен осы тазыға құмармын. Баяғыда осы ауылда керемет аңшылар болған. Сол кісілерге қарап еліктедік, тазыларын көріп қызығатынбыз. Шіркін менде осындай болса екен деп армандайтынбыз. Сол кісілердің тұқымдарын алдық. Тазы өзі екі түрге бөлінеді ғой. Шашақ құлақты, жарғақ құлақты болып. Біздің тазылар енді шашақ құлақтысына жатады. Жеіңл болу керек, тықыр болу керек, құағы шашақты, құйрығы доғал, кеудесі кең, – дейді тазы өсіруші.

Кеншоқы тұрғындары тек тазы өсірумен ғана емес, оларды танымал етумен де айналысады. Ол үшін жергілікті тұрғын Диас Мейірханов Instagram парақшасында қазақ тазыларының жанкүйерлері клубын құрды. Қазір оған төрт мыңнан астам адам қосылған.
– Бізде миллионға жуық қаралым бар. Жазылушылар кейбір парақшалардағыдай жалған емес. Біз өз парағымызға аңшылық бейнежазбаларды орналастырамыз, тазыларға қалай дұрыс күтім жасау керектігін көрсетеміз. Біздің мақсатымыз – ұлттық құндылықтарды дәріптеу, – деп атап өтті Диас Мейірханов.