Қарағанды қаздрамтеатры 90 жылдығын атап өтті

Қарағанды қаздрамтеатры 90 жылдығын атап өтті

Марапаттар, сыйлықтар мен грамоталар – Сәкен Сейфуллин атындағы Қарағанды академиялық қазақ драма театрына 90 жыл.

Өнер ордасы өзінің мерейтойын кітап-альбомның тұсаукесерімен және "Тарих толқынындағы тоқсан жыл" атты театр тарихы туралы қойылыммен атап өтті.

Мерекелік кеште театрдың 1932 жылы құрылғаннан бастап бүгінгі күнге дейінгі тарихы ұсынылды.

– Сәкен Сейфуллин театрының 90 жылдық мерейтойы – бұл театр ұжымының ғана емес, бүкіл халқымыздың мерекесі. Қанша түрлі тағдыр, қанша талант өмірін осы театрға арнады. Біз бәрін есімізде сақтаймыз. Қазір театрда жастар көп, оларға барлық негізгі репертуарлық жүктеме берілген. Адамзат тірі болғанша театр өлмейді, – дейді Қаздрамтеатр актері, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Қайрат Кемалов.

Қарағанды театрын құттықтауға Қазақстанның түкпір-түкпірінен қонақтар келді. ҚР еңбек сіңірген қайраткері, режиссер Әлімбек Оразбеков өз естеліктерімен бөлісті.

– Бұл жер, бұл адамдар маған өте жақын. Менің жастық шағым осында өтті. 90 жыл – театр үшін аз уақыт емес. Мен өмірімнің 15 жылын осы театрға оны құрғандардың жолын жалғастыруға бағыттадым. Сәкен Сейфуллин атындағы театр – қасиетті сахна. Дәл осы жерде мен режиссер, маман болдым. Мен өзім ШҚО-данмын, бірақ мені осында жылы қабылдап, өзімді және өз жұмысымды көрсетуге мүмкіндік берді. Мұнда көрермендер де ерекше: олар өнерді бағалай алады, – деп атап өтті Әлімбек Оразбеков.

Мерекеде өмірден озған актерлердің еңбегі еске алынып, ардагерлер мен жастарға құрмет көрсетілді.

Кәсіби қызметінде ерекше көзге түскендер "Мәдениет саласының үздігі" төсбелгісімен және Мәдениет және спорт министрлігі мен Қарағанды облысы әкімдігінің Құрмет грамоталарымен және алғыс хаттарымен марапатталды.

Театр актрисалары Дина Заитова, Динара Айғазинова, Маржан Әнуар және директордың көрермен жөніндегі орынбасары Разия Қожанова төсбелгіге ие болды.

Сыйлықсыз мерейтой болмайды: театр жаңа 51 орындық жайлы автобустың иегері болды.