Үш қарағандылық кәсіпкер "Парыз-22" Республикалық байқауының лауреаттары атанды

Үш қарағандылық кәсіпкер "Парыз-22" Республикалық байқауының лауреаттары атанды

"Парыз-22" бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі жөніндегі жыл сайынғы республикалық конкурстың лауреаттары қатарында үш қарағандылық кәсіпкер бар. Жеңімпаздарды марапаттау рәсімі Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Астана Конгресс-орталығында өтті.

Қарағанды облысынан конкурсқа қатысуға 34 ұйым өтінім берді. Олар "Үздік әлеуметтік жауапты кәсіпорын", "Үздік ұжымдық шарт" және "Экологияға қосқан үлесі үшін" номинацияларында ұсынылды. Сондай-ақ, үш қатысушы "Жылдың үздік әлеуметтік жобасы" арнайы сыйлығына үміткер болды.

Жұмыс беруші-конкурсанттардың барлығы әлеуметтік бағдарланған. Олар кәсіпорын қызметкерлерін әлеуметтік қолдауға назар аударады, өңірде әлеуметтік жобаларды іске асыруға белсенді қатысады. Сонымен қатар, олар халықтың әлеуметтік қорғалмаған топтарына көмек көрсетеді.

Қарағандылық бизнесмендердің жұмысы үш номинацияда атап өтілді.

"Үздік әлеуметтік жауапты кәсіпорын" санатында "Қоңырат" мыс компаниясы" ЖШС және оның директоры Павел Семенченко жеңіске жетті. 

"Экологияға қосқан үлесі үшін" номинациясы бойынша екінші орын "Шұбаркөл Көмір" АҚ мен компания президенті Рустам Ибрагимовқа берілді.

"Экологияға қосқан үлесі үшін" үшінші дәрежелі лауреаты "Фирма "РАПИД" ЖШС және оның өндіріс жөніндегі директоры Александр Валуйский болды.

Республикалық байқау жеңімпаздарына дипломдар мен мүсіншелер табысталды. Сондай-ақ, олар "Парыз-22" байқауының эмблемасын өтеусіз пайдалану құқығына ие болды. Атақ берілгеннен кейін оның жарнамалық мақсатта қолданылу мерзімі үш жылды құрайды.

Қарағанды облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының ақпараты бойынша