Қарағандылықтар спорттық би бойынша әлем чемпионатының жеңімпаздары атанды

Қарағандылықтар спорттық би бойынша әлем чемпионатының жеңімпаздары атанды

Қарағандылық Максим Жиленков пен Арина Молочникова Қазақстан тарихында алғаш рет жастар арасындағы спорттық биден әлем чемпионатында жеңіске жетті.

Қазақстан ұлттық құрамасының мүшелері 32 елдің бишілері арасында үздік деп танылды.

Спорттық би бойынша әлем чемпионаты 19 қарашада Саласпилсе қаласында (Латвия) өтті. Максим Жиленков пен Арина Молочникова еуропа және испан билерін ұсынды – әр түр бойынша бес биден. Нәтижесінде барлық 10 биде үздік болды.

Бұл жұп тәжірибелі жаттықтырушы Кирилл Акатьевтің жетекшілігімен "София" би-спорт клубында жаттығады. 

– Бұл жеңіске Максим мен Арина ұзақ және ерен еңбектері арқылы жетті. Бұл бүкіл қазақстандық би спорты үшін үлкен жеңіс. Өйткені, бұл Қазақстан тарихындағы спорттық биден әлем чемпионатындағы алғашқы жеңіс. Біздің клубта олар алты жасынан бастап жаттығады, – дейді "София" би спорт клубының жетекшісі Ксения Акатьева. – 13 жыл ішінде жұп ретінде олар еліміздің және қазақстандық аккредиттелген спорттық би федерациясының 18 дүркін чемпиондары, ҚР кубогының бірнеше дүркін иегерлері, халықаралық жарыстардың финалистері, жүлдегерлері және жеңімпаздары атанды. Олар сондай-ақ Азияның төрт дүркін чемпионы атанды. 2019 жылы Румынияда өткен әлем чемпионатында бишілер қола медаль жеңіп алды.

Өткен жылы әлем чемпионатында өнер көрсету кезінде спортшыларға финалға дейін бір қадам жетпей қалды.

– Максим мен Арина – нағыз жауынгерлер, олар белсенді жаттығады, үнемі шеберлік деңгейлерін көтереді, Еуропадағы беделді жаттықтырушылардан жеке сабақ алады. Ата-аналары да оларға өз мақсаттарын жүзеге асыруға көмектеседі, – деп атап өтті Ксения Акатьева. – Балалар жылына бірнеше маңызды старттарға қатысады. Қазір де олар Латвиядан оралғаннан кейін Алматыға кетеді.

Алда Максим мен Арина Италия мен Хорватиядағы әлем чемпионаттарында дара түрде өнер көрсетеді.