Қарағанды облысында жаңа жұмыс орындары құрылуда

Қарағанды облысында жаңа жұмыс орындары құрылуда

Қарағанды облысындағы Saran индустриялық аймағы әлі салынуда, бірақ инвесторлар мұнда өз орнын алуға ұмтылып жатыр. Салынып жатқан Шина зауытына металлургия саласындағы үш жаңа жоба қосылады. Тағы біреуі қарастыру сатысында – Үндістандық фармацевтикалық компания аймақта өндіріс ашуға қызығушылық танытып отыр.

– Saran индустриялық аймағына инвесторларды тарту бойынша белсенді жұмыс жүргізілуде. Аймақтық Үйлестіру кеңесі үш жаңа жобаны мақұлдады. Бұл полимермен қапталған мырышталған болат илектеу зауыты, болат түзу түйіспен дәнекерленген электр дәнекерлеу құбырларын өндіру және ыстық мырыштау зауыты. Бұл жобалар жоғары технологиялық, онда металлургия саласындағы заманауи жетістіктер қолданылатын болады. Өндірілетін барлық өнім импортты алмастыруға және экспортқа бағдарланған, – деді "Сарыарқа" ӘКК Saran ИА басқарма департаментінің директоры Жақсылық Ахметбеков.

Оның айтуынша, өндірістерді орналастыру үшін жер учаскелері беріліп, компаниялар жобалауға кірісті. Жаңа зауыттардың құрылысы 2023 жылы басталады.

Индустриалды аймақтың ауданы – 207 га. Бұрын ен дала болған аумақта қазір жұмыс қызу жүріп жатыр. Онға жуық мердігер ұйым инженерлік инфрақұрылым объектілерін салуда. Электр, су және газбен жабдықтау желілері, кәріз және жергілікті сорғы станциялары қарастырылған. Теміржол тұйықтары мен айналма асфальтталған жол болады.

Газ желілері бойынша бір нысан аяқталды, екіншісі тапсырылады.

Есептеулер бойынша, Сарандағы индустриялық аймақ шамамен 230 млрд теңге инвестиция ағынын қамтамасыз етеді және 2 мыңнан астам жаңа жұмыс орны пайда болады.