Қарағандылық жазушы Ыбырай Алтынсарин атындағы республикалық байқауда жеңіске жетті

Қарағандылық жазушы Ыбырай Алтынсарин атындағы республикалық байқауда жеңіске жетті

Балалар мен жасөспірімдерге арналған орыс тіліндегі үздік әдеби шығарма үшін Ыбырай Алтынсарин атындағы республикалық байқауда қарағандылық жазушы Елена Пономаренко жеңіске жетті.

Әдеби жарысты Қазақстан Жазушылар одағының Қостанай облыстық филиалы екінші рет өткізіп отыр.

Байқауға қатысушылардың шығармаларын кәсіби қазылар алқасы бағалады, оның құрамына педагогтар, ғалымдар, жазушылар мен кітапханашылар кірді. Сондай-ақ, оқу әуесқойларынан тұратын балалар қазылар алқасы жұмыс істеді.

Сыйлық балалар мен жасөспірімдерге арналған "Қазақ тіліндегі үздік шығарма" және "Орыс тіліндегі үздік шығарма" номинациялары бойынша беріледі. Балалар қазылар алқасы да арнайы сыйлық тағайындады.

Алматыдан келген Мейіржан Жылқыбайдың "Менің атым Қожа. Шуақ" қазақ тіліндегі ең үздік шығарма деп танылды. Ол сондай-ақ балалар қазылар алқасының жүлдесін алды. Елена Пономаренконың "Опалённое детство" атты әңгімелер жинағы орыс тіліндегі номинацияда үздік атанды.

– Мен "Опалённое детство" кітабыммен жеңіске жеттім. Бұл 6 мен 13 жас аралығындағы соғыс балаларының естеліктері. Жинаққа 96 әңгіме кірді. Менің кітабым Қарағандыда өте танымал. Енді бұл туралы басқа өңірлерден келген оқырмандарға айтқым келеді, – дейді жазушы.

Елена Пономаренко балалар үшін ғана емес, ересектерге де шығармалар арнап жазады. Кітаптарды өз есебінен шағын тиражбен басып шығарады және оларды балалар үйлері мен мектепке дейінгі мекемелерге таратады.