Қарағанды облысында қосымша орман өрт сөндіру станциялары құрылады

Қарағанды облысында қосымша орман өрт сөндіру станциялары құрылады

Қарағанды облысында төрт өрт сөндіру орман станциясы жұмыс істейді. Қарағанды және Ақтоғай орманшылықтарында тағы бесеуін ашу жоспарлануда. Бұл табиғи өрттермен тиімді күресуге мүмкіндік береді.

Облыстық ТЖ алдын алу және жою комиссиясының отырысында өрт қауіпті кезеңнің қорытындысы шығарылып, өрт қауіпсіздігі шаралары талқыланды.

– Облыста өрт қауіпті кезеңде барлығы 322 табиғи өрт және жану орын алды. Орман өрттерінің көп жағдайлары Қарқаралы және Бұқар Жырау аудандарында болды. Табиғи өрттер мен жанулардың пайда болуына әдеттен тыс ыстық ауа-райы, қатты жел, жауын-шашынның болмауы, құрғақ найзағай ықпал етті. Сондай-ақ, кейбір жағдайларда отты абайсыз пайдалану, ауыл шаруашылығы техникасының ақауы, құрғақ өсімдіктерді бақылаусыз өртеу тілсіз жаудың таралуына әкелді, – деді облыстық ТЖД бастығы Мұрат Қатпанов.

Оның айтуынша, соңғы бес жылда облыста 45 өрт сөндіру бекеті құрылды. Олар 50 мыңға жуық адам тұратын 82 елді мекенде жұмыс істейді.

Отырыста ерікті өрт сөндіру құралымдарының материалдық-техникалық базасын нығайту қажеттігі туралы айтылды.

ТЖ алдын алудың басқа да шаралары айтылды. Мысалы, ұлттық саябақтар мен орманшылықтарда өртке қарсы мониторинг жүйесі белгіленуі тиіс екені тілге тиек етілді. Олар жер пайдаланушыларға қорғаныс жолақтарын жыртуға міндеттеуді ұсынды.

– Жалпы өрт сөндіру орман станциялары жетіспейді. Орман шаруашылығы мекемелері, ұлттық табиғи парктер техникамен және жабдықтармен жарақтандыруды талап етеді. Бұл жаз, әсіресе тамыз-қыркүйек айларындағы жағдай айқын көрінді. Табиғи өрттермен күресуге үнемі дайын болу қажет, – деп атап өтті облыс әкімі Жеңіс Қасымбек.

Өңір басшысы қосымша орман өрт сөндіру станцияларын құру мәселелерін пысықтауды тапсырды. Ол аудан әкімдеріне ерікті өрт сөндіру жасақтары үшін құрал-жабдықтар сатып алуға бюджеттен қаражат қарастыруды міндеттеді.

ТЖК отырысында шомылу маусымының қорытындылары мен өңірдің қысқы кезеңге дайындығы талқыланды.