Қарағанды облысының өрт сөндірушісі өрт-құтқару спорты бойынша Қазақстан чемпионатында күміс жүлде иеленді

Қарағанды облысының өрт сөндірушісі өрт-құтқару спорты бойынша Қазақстан чемпионатында күміс жүлде иеленді

Қарағанды қаласының № 1 өрт сөндіру бөлімінің аға өрт сөндіруші-құтқарушысы Бауыржан Төкенов еліміздің өрт сөндіру-құтқару спорты бойынша ХVIII жазғы чемпионатында күміс медаль жеңіп алды. Ол кедергілері бар жүз метрлік жолақты еңсеруде ерекшеленді.

Чемпионат Қызылордада өтті. Оған барлығы 18 ерлер және 14 әйелдер командалары қатысты.

– Жарыс жоғары деңгейде ұйымдастырылды, қарсыластар мықты болды. Бірақ мен жүлделі орынға ие болдым. Қазір әлем чемпионатына дайындалып жатырмын, – деді Бауыржан Текенов.

Өрт сөндіру-құтқару спортында Бауыржан 2016 жылдан бері өнер көрсетіп келеді. Осы жылдар ішінде оның қоржынында көптеген жеңістер мен марапаттар жиналған. Ол өрт сөндіру-құтқару спорты бойынша спорт шебері және Қазақстан ұлттық құрамасының мүшесі.

Осы жылдың 30 қыркүйегі мен 6 қазан аралығында ел құрамасы сапында Өзбекстанда, Самарқанд қаласында Қазақстан намысын қорғайтын болады.