Өзін-өзі жұмыспен қамтыған Қарағанды облысының тұрғындары бір жылға сақтандырыла алады

Өзін-өзі жұмыспен қамтыған Қарағанды облысының тұрғындары бір жылға сақтандырыла алады

Келесі айдан бастап Қарағанды облысының өзін-өзі жұмыспен қамтыған тұрғындары медициналық сақтандыру жарналарын алдын ала 12 ай бұрын төлей алады. Өңірде барлығы 250 мыңнан астам сақтандырылмаған азаматтар бар.

Сақтандырылмағандар саны алты айдың қорытындысы бойынша анықталды.  Олардың қатарында жалдамалы жұмысшылар, БЖТ төлеушілер және медициналық сақтандыру жарналары бойынша берешегі бар дербес төлеушілер бар. 

Бүгінгі күні "сақтандырылған" мәртебесін алу және МӘМС пакетінен медициналық қызметтерге қол жеткізу үшін төлеушілерде аударымдар бойынша берешек болмауы тиіс. Келесі айдан бастап тәуелсіз төлеушілерде балама төлем әдісі пайда болады. Олар бір жылға алдын ала жарна салып, барлық төленген кезең мәртебесін ала алады

– Тәжірибе мен өтініштерді талдау көрсеткендей, жұмыс істемейтіндер мен өзін-өзі жұмыспен қамтығандар өткен кезең үшін жарна төлеуге мүдделі емес. Сондықтан олар үшін МӘМС жүйесіне қатысудың баламалы нұсқасы әзірленді. Ол "сақтандырылған" мәртебесін алу үшін болашақ 12 ай үшін төлем жасауға мүмкіндік береді, – деп атап өтті заңды және жеке тұлғалармен жұмыс жөніндегі департамент директорының орынбасары Жанар Ботағарина. – "Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы" ҚР Заңына тиісті толықтырулар мен өзгерістер 2022 жылдың шілдесінде бекітілді. Олар қыркүйек айының басында күшіне енеді. Біздің ойымызша, бұл халықты медициналық сақтандыру жүйесіне қатысуға барынша тартуға ықпал етеді. 

Сақтандырылмаған халықтың шамамен 30%-ы медициналық сақтандыру үшін алдын ала төлем жасау мүмкіндігін пайдаланады деп күтілуде. Сонымен қатар, өткен кезеңде берешегі жоқ дербес төлеушілердің МӘМС жарналарын ай сайын төлеу құқығы сақталады.

Естеріңізге сала кетейік, 2022 жылы дербес төлеушілер үшін ай сайынғы жарна мөлшері ең төменгі жалақы мөлшерінің 5%-ын құрайды – бұл 3 мың теңге.

Медициналық сақтандыру қорының Қарағанды филиалының хабарламасы бойынша