
Қарағанды хайуанаттар бағына екі сирек кездесетін түркістан сілеусіні әкелінді. Табиғатта мысық тұқымдас бұл жануар сирек кездеседі, Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген.

Қарағандыға Бішкектен Жұлдыз есімді ұрғашы мен Теңіз атты аталығы келді.

– Жануарлардың бұл түрі бізде алғаш рет жеткізіліп отыр, – дейді хайуанаттар бағының директоры Гүлнар Адамбекова. – Сілеусіндер Қырғызстанның "Бугу-эне" қоғамдық қорынан әкелінді. Біз оларды екі өркешті түйелерге алмастырдық. Оларға вольер дайындадық, қыста оны оқшаулап, жылытамыз. Шынымды айтсам, біз мұндай жануарларды көптен армандадық. Коллекциямызды одан әрі толықтырып, хайуанаттар бағын дамытамыз.

Түркістан сілеусіні – мысық тұқымдас жыртқыш. Тіршілік ету ортасы – ормандар, дала алқаптары, жартасты жерлер және тау бөктері.

Хайуанаттар бағында бұл жыртқыштар тамыр алып, ұрпақтар береді деп үміттенеді. Сілеусіндер үш жасында жетіліп, ұрпақ әкелуге дайын болады. Өмір сүру ұзақтығы – 15–18 жыл.

Қарағанды хайуанаттар бағында жануарлардың 80%-дан астамы жойылып бара жатқан түрлер болып саналады.