Әлия Молдағұлова атындағы мектеп-интернат-колледжі 50 жылдық мерейтойын атап өтті

Әлия Молдағұлова атындағы мектеп-интернат-колледжі 50 жылдық мерейтойын атап өтті

Әлия Молдағұлова атындағы облыстық мамандандырылған мектеп-интернат-колледжінің 50 жылдық мерейтойына орай Кеншілер мәдениет сарайында бұрынғы және қазіргі тәрбиеленушілер, спорт ардагерлері, оқытушылар мен жаттықтырушылар, қала мен Қарағанды облысының басшылығы мен жұртшылық өкілдері жиналды.

Бұл күні құттықтаулар, музыкалық шығармалар орындалып, гүлдер мен сыйлықтар табысталды.

Оқу орнының тарихы 1971 жылы басталды, бірақ карантин салдарынан өткен жылы мерейтойды лайықты түрде атап өту мүмкін болмады.

– Біз туған күнімізді осы жылы тойлауды шештік, өйткені бұл бүкіл қала үшін мереке, – дейді Әлия Молдағұлова атындағы мектеп-интернат-колледжінің жетекшісі Ерден Халилин. – Кезінде мектеп Серік Алшынбаев, Амангелді Жаппаров, Мұрат Маяузов, Игорь Растороцкий сияқты аты аңызға айналған спортшыларға бастама берген болатын. Тәуелсіздіктің 30 жылы ішінде біздің тәрбиеленушілеріміз Серік Сәпиев, Дмитрий Карпов, Серік Елеуов, Эльмира Сыздықова еліміздің мақтанышы болды. Біздің оқушыларымыз Қазақстанды халықаралық аренада лайықты таныстыруы үшін біз бұдан әрі де барлық мүмкіндікті жасайтын боламыз.

Мектеп құрылған күннен бастап түлектердің жалпы саны бес мыңға жуық адамды құрады, оның ішінде 500-ден астам спорт шебері бар. Соңғы 30 жылда тәрбиеленушілер алты жазғы және үш қысқы олимпиадаға қатысты. Спорт түрлері бойынша Қазақстан Республикасы Ұлттық құрамасының құрамына биыл 116 қарағандылық кірді.

Бүгінгі таңда мектепте 57 жаттықтырушы жұмыс істейді, олар Қарағандыда 350 және Теміртау филиалында 150 спортшы тәрбиелейді. Оқу орнында 14 олимпиадалық спорт түрі және бір ұлттық спорт түрі – қазақ күресі дамытылуда.

2019 жылы мектеп-интернатқа колледж мәртебесі берілді. Мұнда балалармен жұмыс істеу үшін білікті жаттықтырушы-оқытушылар дайындала бастады. Колледждің алғашқы 30 түлегіне салтанатты түрде диплом табыс етілді.

– Бүгін мен үшін өте ерекше күн, – деп бөлісті Осакаровкадан келген түлек Бахтияр Мұрат. – Сегіз жыл Молдағұлова атындағы мектеп-интернатта оқып, білім алғам. Енді колледжді бітіргелі жатырмын. Дзюдомен сегіз жыл айналысамын. Дархан атты үлкен ағамның ізін бастым, ол да осы мектепті бітірген. Бүгін мен түлектер қатарындамын, осында оқығаныма өте қуаныштымын. Алда мен жоғары оқу орнына түсуді жоспарлап отырмын, жоғары білім алғым келеді.

Колледжді Теміртаудан келген спортшы Айым Жұмағалиева қызыл дипломмен бітірді. 10 жастағы қыз дзюдомен айналысады. Өткен жылы Қазақстан чемпионында бірінші орынға ие болды, сол жерде ҚР спорт шебері атағын алды, бірнеше рет Азия Кубогы мен Еуропа Кубогының чемпионы атанды.

– Үш жыл өте тез және өте қызықты өтті. Енді ҚарУ-ге "Дене шынықтыру" мамандығына түсемін. Түлектерге кез келген бастамаларына сәттілік және өз күшіне деген сенімділік тілеймін, – дейді Айым Жұмағалиева.

Бұл күні оқу орнының қызметкерлері, оқытушылар мен жаттықтырушылар құрамы алғыс хаттармен және Құрмет грамоталарымен марапатталды. 

Сондай-ақ, салтанатты шараға қатысушылар назарына музыкалық сыйлықтармен қатар сахнадан көптеген жылы сөздер айтылды.

– Оқу жоспарлары, спорт түрлері өзгерді, бірақ бір нәрсе өзгеріссіз қалды – мақсатқа жетудегі табандылық. Мұнда мұғалімдердің, тәрбиешілердің, жаттықтырушылардың және жас балаларды өмірге дайындаумен айналысқан, оқу мен спортты сәтті үйлестірудің жолын іздеген бүкіл ұжымның үлкен еңбегі бар. Бүгінгі күні бұл еңбектер бекер болмағанын көрсетеді. Сіздерге ең жақсы жаңа жетістіктерге жетуді тілеймін! – деп мектепте 43 жыл жұмыс істеген Қазақ КСР білім беру ісінің үздігі Мәриям Сәрсенбекова ізгі ниетін білдірді.