Қарағандыда жастарға арналған жаңа ипотекалық бағдарлама іске қосылды

Қарағандыда жастарға арналған жаңа ипотекалық бағдарлама іске қосылды

Қарағандының жұмыс істейтін жастары жеке тұрғын үй сатып алуға жеңілдетілген қарыз ала алады. Жаңа ипотекалық бағдарлама жас мұғалімдерге, дәрігерлерге, медбикелерге, спортшыларға, жаттықтырушы-оқытушыларға, мәдениет қызметкерлеріне, журналистерге, ЖОО оқытушыларына, ғылыми қызметкерлерге және әлеуметтік сала өкілдеріне қолжетімді болды.

Жеңілдікті қарыз 20 миллион теңгеге дейінгі сомаға 5%-бен беріледі. Бастапқы жарна 19 жылға дейінгі мерзіммен қарыз сомасының 10%-ын құрайды.

Тұрғын үйді бастапқы және қайталама нарықта сатып алуға болады.

Жұмыс істейтін жастар үшін ипотека беру бастамасын Қарағанды облысының әкімдігі "Отбасы банкпен" бірлесіп алға тартты. Облыстық бюджеттен 1 млрд теңге бөлінді, "Отбасы банк" 500 млн береді.

Ипотека кемінде бір жыл ресми жұмыс істеген 35 жастан аспаған қарағандылықтарға қолжетімді. Табыс та ескеріледі. Отбасының әрбір мүшесіне ол 6 ең төменгі күн көру деңгейі (1 ЕТККД – 37 389 теңге) мөлшерінен аспауы тиіс. Сондай-ақ бағдарламаға қатысушы мен отбасы мүшелерінің соңғы 5 жыл ішінде меншігінде жылжымайтын мүлік болмауы тиіс.

Қатысушыларды комиссия іріктейді. Оның құрамына мемлекеттік органдар, депутаттық корпус және қоғам өкілдері кірді.

– Бағдарламаның механизмі өте қарапайым, – дейді жастар саясаты басқармасының басшысы Біржан Әлімжанов. – Бірінші кезекте әлеуетті қатысушылар қалалық әкімдіктің фронт-кеңсесіне жүгініп, тиісті құжаттар тізбесін тапсыруы қажет. Осыдан кейін комиссия балдық жүйе негізінде банкте біліктіліктен өтуге жолдама берілетін қатысушылардың тізімін жасайды. Бұл өтініш берушінің несие тарихы, төлем қабілеттілігі деңгейін жан-жақты зерттеу. Банк тарапынан оң шешім қабылданған жағдайда қарыз алушы ресімдеу процесіне көшеді. Іріктеу кезіндегі негізгі өлшемшарттар – еңбек өтілі, балалар саны және әлеуметтік осал санаттарға кіру.

Өтінімдер 24 маусымға дейін мына мекен-жай бойынша қабылданады: Нұрсұлтан Назарбаев даңғылы, 39А (Open Qarağandy фронт-кеңсесі).

Бағдарламаның толық шарттарымен Қарағанды облысының жастар саясаты мәселелері басқармасының, Қарағанды қаласы әкімдігінің, "Отбасы банк" АҚ сайтында, сондай-ақ jasprokrg_bot телеграм-ботында танысуға болады.