Қарағанды облысында медициналық сақтандыру қоры диализге 3,6 млрд теңгеден астам қаржы бағыттайды

Қарағанды облысында медициналық сақтандыру қоры диализге 3,6 млрд теңгеден астам қаржы бағыттайды

Бүйрек жеткіліксіздігі бар пациенттер Қарағанды облысының тоғыз медициналық ұйымының базасында диализ ала алады. Процедураны медициналық сақтандыру қоры толық төлейді. Биыл бұл қызметке 3,6 млрд теңгеден астам қаражат жоспарланған, оның ішінде 56,7 млн теңге – перитонеалдық диализ.

Өңірде бүйрек жеткіліксіздігімен есепте 670 адам тұр. Олардың барлығы бүйрек ауыстыруға мұқтаж. Донорлық органдарды күту кезінде пациенттер диализ – қанды жасанды тазарту процедурасынан өтеді. Он пациент, олардың ішінде жеті бала перитонеальді диализде. 

Перитонеалдық диализ гемодиализге қарағанда күрделі жабдықты пайдалануды талап етпейді және салыстырмалы түрде қауіпсіз.

– Бұл диализдің әлдеқайда жұмсақ түрі, бірақ ол барлығына бірдей жарамайды. Перитонеальді диализ кезінде пациенттің іш қуысына глюкоза негізіндегі арнайы ерітінді құйылады. Бұл ерітінді қаннан қажетсіз заттарды, токсиндерді "алады", яғни оны тазартады. Барлық процедура шамамен 4–6 сағатқа созылады. Ол үйде өткізіледі. Барлық ата-аналар оқудан өтті және оны қалай жүргізу керектігін біледі, – деді облыстық балалар клиникалық ауруханасының нефролог-дәрігері Максим Горбатов.

Диализ жүргізуге арналған ерітіндіні және рәсімге арналған шығын материалдарын ата-аналар тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде алады. Ең кішкентай төрт жастағы науқасқа жылына 1000-нан астам ерітінді қажет, егде жастағы науқастарға әдетте екі есе көп керек.

– Бір пациентке диализге күн сайын үш пакет ерітінді қажет болса, екіншісіне – алты пакет қажет. Бұл қан көрсеткіштеріне байланысты. Балалар әр үш ай сайын ана мен бала ұлттық ғылыми орталығында тексеруден өтеді, оның нәтижелері бойынша тағайындалған емнің қаншалықты тиімді екендігі анықталады, қажет болған жағдайда түзетулер енгізіледі, – деп толықтырды Максим Горбатов.

18 жастан кейін бүйрек жеткіліксіздігі бар пациенттер гемодиализге ауысады немесе бүйрек трансплантациясына дейін перитонеальді диализде қалады. 2020–2021 жылдары өңірде донорлық бүйректер екі жасөспірімге, біреуі – өлімнен кейінгі донорлықтан трансплантацияланды.

Медициналық сақтандыру қорының Қарағанды филиалының хабарламасы бойынша