Қарағанды облысында ҰБТ 16 мамыр мен 5 шілде аралығында өтеді

Қарағанды облысында ҰБТ 16 мамыр мен 5 шілде аралығында өтеді

Жазғы Ұлттық бірыңғай тестілеу түлектерге білім беру гранттарын тағайындау конкурсына қатысуға, сондай-ақ жоғары оқу орындарына ақылы негізде түсуге мүмкіндік береді. ҰБТ қалай өтетіні туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі платформасында өткен брифингте Қарағанды облысы білім басқармасының басшысы Гүлсім Қожахметова айтып берді.

– Жаңа ережеге сәйкес мектеп оқушылары ҰБТ-ны қалауы бойынша екі рет тегін тапсырады және ең үздік нәтижені ЖОО-да грант алу конкурсына қатысу үшін жібереді, – деп атап өтті Гүлсім Қожахметова. – 28 сәуір мен 14 мамыр аралығында өтініштер Ұлттық тестілеу орталығының сайты арқылы қабылданады.

ҰБТ-ға осы жылдың және өткен жылдардың түлектері, сондай-ақ колледж түлектері қатыса алады. Тестілеу прокторинг пен бейнебақылаудың заманауи жүйесімен қамтамасыз етіле отырып, электрондық форматта өтеді.

Қарағанды облысында үш аймақтық тестілеу орталығы анықталды:

- Қарағанды – Қазақстан көшесі, 15а;

- Балқаш – Қарамеңде би к-сі, 17;

- Жезқазған – Байқоңыр көшесі, 123а.

– Пәндер саны өзгеріссіз қалады – үш міндетті және екі бейінді. Тестілеуден өту уақыты – 240 минут, – деп хабарлады спикер. – ҰБТ-ға қатысушылар жинай алатын ең жоғары балл – 140.

Барлық сұрақтар бойынша кеңесті келесі нөмірлер бойынша алуға болады: (8-7212) 25-25-02 және 8-747-491-12-91 (Қарағанды облысы білім басқармасының жедел желісі). Жедел желі қызметі барлық білім бөлімдерінде жұмыс істейді.