Қарағандыда WRO-2022 олимпиадасының жеңімпаздары робот-медик пен пилотсыз автомобиль құрастырды

Қарағандыда WRO-2022 олимпиадасының жеңімпаздары робот-медик пен пилотсыз автомобиль құрастырды

Қарағандыдағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде WRO-2022 робототехника бойынша Ұлттық олимпиаданың аймақтық кезеңі өтті. Іріктеу кезеңіне облыстың қалалары мен аудандарынан 27 команда қатысты. 

Олар үш жас санатында төрт бағыт бойынша жарысты: RoboMission, Future Innovators, RoboSports және Future engineers.

Олимпиада "My robot - my friend" тақырыбына арналған және адамның күнделікті өмірінде жасанды интеллектті қолдануға бағытталған, деп атап өтті ұйымдастырушылар. 

Нұра ауданынан келген "Тассуат" командасының қатысушылары Артём Бирюков пен Дмитрий Попов медик-робот жасап, Future Innovators кіші шығармашылық санатында жеңіске жетті.

- Идея өткен жылдың қыркүйек айында, пандемия кезінде пайда болды. Медик-роботты жасау үшін екі жарым ай қажет болды. Біз оны мектептің кіреберісіне қойдық. Робот адамның температурасын байланыссыз өлшеп, айта алады, қолды антисептикпен өңдей алады, - деді команда жетекшісі, мектеп мұғалімі Павел Бирюков.

Н. Нұрмақов атындағы мамандандырылған мектеп-интернаттың "64 bit" командасы пилотсыз автомобиль моделін жасап, жеңіске жетті.

- Менің оқушыларым Арынғазы Бағдаулет пен Әлихан Сейітқали Future Engineers санатында бірінші орын алды. Балаларға кедергілері бар маршрутты еңсеруі тиіс пилотсыз автомобиль моделін жинау міндеті қойылды, - деп атап өтті команда басшысы Айдар Сейілханов.

Қазылар алқасы барлық төрт санат бойынша жеңімпаздарды іріктеді. Үздік командалар сертификаттармен марапатталды және маусым айында өтетін WRO-2022 ұлттық кезеңінде Қарағанды облысының намысын қорғайтын болады.

Назарбаев Зияткерлік мектептері Қазақстандағы World Robot Olympiad (WRO) ұлттық ұйымдастырушылары болып табылады. Аймақтық іріктеу жарыстары 2014 жылдан бері өткізіліп келеді. Жеңімпаздар WRO халықаралық ережелері аясында республикалық кезеңге қатысуға мүмкіндік алады. Олимпиаданың басты миссиясы - жастарға шығармашылық қабілеттерін және проблемаларды қызықты түрде шешу дағдыларын дамытуға мүмкіндік беру болып табылады.