
Жезқазған тарихи-археологиялық мұражайының аға ғылыми қызметкері Бекзат Балтабеков Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің ескі фотосуреттерін қалпына келтіруде. Бүгінде қалада соғыс жылдарындағы оқиғалардың бір куәгері ғана қалған.

Сонымен қатар мұражайда тарихи тұлғалардың фотосуреттерін қалпына келтіріліп, қысқа бейнероликтер дайындалуда. Бекзаттың алғашқы жұмысы – «Алаш» партиясы жетекшілерінің фотосуретін қалпына келтіру.

– Мұражайда жиі көрмелер ұйымдастырып, стендтер дайындаймыз. Көрмеге арналған фотосуреттерді іздеген кезде, олардың сапасы мардымсыз болады. Осындай мәселеге тап болып, ескі фотоны Photoshop арқылы өңдеуге тырыстым, – дейді Бекзат. – Жақсы шықты. Оны мұражай басшысына көрсеттім, ол «Суреттер сыр шіртеді» айдарын ашып, осы суреттерді «бұрын» және «кейін» деген белгімен әлеуметтік желілерде жариялауды ұсынды.

Бір фотосуретті қалпына келтіруге шамамен бір апта кетеді. Бекзат суретті өңдеуден бұрын батырдың өмірбаянын, өмір сүрген уақытын, сол жылдардағы сән үлгілерін мұқият зерттейді.

– Бұл мұқияттылық в қажет ететін процесс. Мен фотосуретті кездейсоқ өңдегім келмейді. Суреттер сол заманның бояуын беруі, адам туралы айтуы қажет. Білімім бойынша тарихшымын. Фотосуреттерді көрген адамдар сол кездегі әлемге ену керек деп есептеймін, – деп бөлісті мұражайдың аға ғылыми қызметкері.

Бекзат бүгінге дейін Қаныш Сәтбаев, Ахмет Байтұрсынов, Әлихан Бөкейханов, Бауыржан Момышұлы, Міржақып Дулатов, Мұстафа Өзтүрік, Бибігүл Төлегенова және тағы басқалардың фотосуреттерін қалпына келтірді. Енді ол Жезқазған-Ұлытау өңірінің ҰОС ардагерлерінің суреттерін қолға алуды көздеп отыр.

– Өкінішке орай, Екінші дүниежүзілік соғыс ардагерлері күннен-күнге азайып барады. Олардың ерлігін ұмытуға болмайды. Соғыс ардагерлерінің қалпына келтірілген фотосуреттері мұражайымыздың қорын толықтырады. Солардың негізінде бейнебаян дайындаймыз. Әріптестер кез келген бастамада қолдау көрсетуге дайын, дыбыстауға көмектесуде, – дейді Бекзат.