Қазақстан мен Ресей арасында алты теміржол бағыты қайта жандануда. Соның ішінде маусым айында Қарағандыдан Самараға және Омбыға пойыздар жүре бастайды.
Ресей темір жолдары баспасөз қызметінің хабарлауынша, 20 сәуірден бастап № 625/626 Атырау-Астрахань пойызының қозғалысы қайта басталады.
Маусым айында тағы бес пойыз кестеге оралады:
- № 7/8 Алматы – Саратов;
- №84/83 Қарағанды – Самара;
- № 301/302 Алматы – Новосибирск;
- №145/146 Қарағанды – Омбы;
- № 113/114 Алматы – Қазан.
Бұл бағыттарға билеттер сату жақын арада ашылады. Оларды сапарға шыққанға дейін 45 күн бұрын сатып алуға болады.
Қазақстандықтарға Ресейге шығу үшін ПТР-тест қажет емес.
Қазақстанға кіру кезінде шекараны кесіп өту сәтінде 72 сағаттан кешіктірмей жасалған қазақ, орыс немесе ағылшын тіліндегі Сovid-19 тестінің теріс нәтижесі бар анықтама не екінші компонентті алғаннан кейін 6 айдан аспайтын мерзімге коронавирустық инфекцияға қарсы вакцинациялаудың немесе ревакцинациялаудың толық курсынан өткені туралы сертификат талап етіледі. Ондай анықтама тек бес жасқа дейінгі балалар үшін талап етілмейді. Тек оларды ертіп жүрген адамдардың медициналық құжаттары болуы тиіс.
Тест нәтижелерінің немесе вакцинация сертификатының болуын жолсеріктер бақылайды.
Естеріңізге сала кетейік, халықаралық жолаушылар пойыздарының қозғалысы коронавирустық пандемияға байланысты 2020 жылдың 16 наурызынан бастап уақытша тоқтатылған болатын.
Пойыздардың жүруін қалпына келтіру туралы толығырақ ақпаратты Ресей темір жолдарының сайтынан алуға болады (www.rzd.ru).