
Қарағанды қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің сегізінші сынып оқушылары "Болашақ Геофизикасы – 2022" бүкілресейлік ғылыми-тәжірибелік онлайн-конференциясында "Адамның шаруашылық қызметінде тау жыныстары мен минералдарын қолдану" бағытында бірінші орын алды. Жеңімпаздар дипломдармен және естелік сыйлықтармен марапатталды.
Инна Ким мен Далила Қуанышова "Қарағанды облысының өнеркәсіп салаларында көмірді қолдану" жобалық жұмысын ұсынды. Олар біздің өңіріміздің аумағында көмірдің пайда болуының геологиялық ерекшеліктерін және оны қазіргі заманғы көмір өнеркәсібінде қолдану технологиясын ашты. Жоба жетекшісі – география пәнінің мұғалімі Жанар Байметова.

– Бұл біздің бірлескен жұмысымыз. Осындай ауқымды конференцияға алғаш рет қатыстық. Біздің бағытта 14 жоба ұсынылды. Олардың ішінде біздің команда бірінші орынға ие болды. Біз Қазақстаннан жалғыз болдық, – деді Инна Ким.

Далила Қуанышованың айтуынша, олар конференцияға екі айға жуық дайындалды.
– Мен теориялық бөлікте, ал Инна – тәжірибелік бөлікте жұмыс істедім. Бұл – біздің ортақ еңбегіміз. Шынымды айтсам, біз алдымен бірінші орынға ие болғанымызға сене алмадық, түсінбедік. Жеңіске жеткеніміз туралы түсінік кейінірек келді. Алдағы уақытта экологиялық аспектіде жоба бойынша жұмысты жалғастыруды жоспарлап отырмыз. Яғни, "Көмір өнеркәсібінің экологияға және қоршаған ортаға әсерін ескере отырып дамуы" тақырыбын ашу керек, – деп қосты Далила Қуанышова.
Конференцияны ұйымдастырушылар – "Дубна" мемлекеттік университеті, Ресей жаратылыстану ғылымдары Академиясы, Ресей геологиялық қоғамы және В. И. Вернандский атындағы мемлекеттік геологиялық мұражай.