Қарағандылық оқушылар Халықаралық Жәутіков олимпиадасының жүлдегерлері атанды

Қарағандылық оқушылар Халықаралық Жәутіков олимпиадасының жүлдегерлері атанды

Қарағандылық төрт оқушы математика, физика және информатика пәндері бойынша ХVIII халықаралық Жәутіков онлайн-олимпиадасының қола жүлдегері атанды. Біздің облыстың намысын зияткерлік жарыстардың облыстық және республикалық кезеңдерінің жеті жеңімпаздары мен жүлдегерлері қорғады.

Олимпиадаға әлемнің 22 елінен 1000-нан астам оқушы мен 146 команда қатысты.

Қарағанды командасы Н. Нұрмақов атындағы мамандандырылған мектеп-интернат базасында тапсырмаларды орындады. Оқушыларды сыныптың периметрі бойынша орнатылған үш камера түсіріп, бақылады.

Н. Нұрмақов атындағы мектеп-интернаттың 10 сынып оқушылары Рамазан Пердебай және №1 "Білім-инновация" лицей-интернатының 11 сынып оқушылары Мақсат Сәкенұлы информатика пәнінен қола медаль алды. Ал Н. Нұрмақов атындағы мектеп-интернатының және №1 "Білім-инновация" лицей-интернатының он бірінші сынып оқушылары Бексұлтан Шәріп пен Диас Серкібаев физикадан қола медаль ұтты.

– Мен бұл олимпиадаға екінші рет қатысып отырмын. Өткен жылы елордалық команда құрамында болдым. Биыл өз аймағымның атынан қатыстым. Тапсырмалар күрделі болды. Сонымен бірге мен оларды орындау барысында бірнеше қателіктер жібердім. Бірақ, соған қарамастан қола медал  жеңіп алдым, – деді Бексұлтан Шәріп. – Бұл маған Қазақстан-Британ техникалық университетіне, Назарбаев университетіне грантқа түсуге және ресейлік жоғары оқу орындарына түсу кезінде артықшылыққа мүмкіндік береді. Мен Назарбаев Университетінде оқып, болашақта IT-саласында жұмыс істегім келеді.

Жеңімпаздарға дипломдар мен медальдар табысталады.

Естеріңізге сала кетейік, Халықаралық Жәутіков олимпиадасы алғаш рет 2005 жылы ұйымдастырылды. Ол кезде оған Ресей, Армения, Қырғызстан, Қазақстан және Түркияның мамандандырылған мектептерінен 17 команданың атынан 189 оқушы қатысты. Олимпиаданың ерекшелігі – әр қатысушы команданың құрамына кіреді және өзінің жеке нәтижелері үшін ғана емес, сонымен қатар бүкіл команда мен ол ұсынатын елдің намысын қорғайды.

Зияткерлік жарыс Қарағанды облысының тумасы, қазақстандық математик, академик, профессор, физика-математика ғылымдарының докторы Орымбек Жәутіковтың есімімен аталады.