«Қарлы қыс» спартакиадасы Нұра ауданының жеті командасын біріктірді

«Қарлы қыс» спартакиадасы Нұра ауданының жеті командасын біріктірді

Нұра кентінде демалыс күндері «Қарлы қыс» спартакиадасы өтті. Оған Нұра ауданының ірі ауылдарынан жеті команда қатысты.

Олар шайбалы хоккей, конькимен жүгіру, шаңғы эстафетасы және қысқы көпсайыс бойынша жарысты.

– Аудандық спартакиада қысқы спорт түрлерін және салауатты өмір салтын насихаттау үшін ұйымдастырылған. Оған жеті команда қатысты. Олардың әрқайсысында 30-дан астам қатысушы болды. Мағжан Жұмабаев атындағы мектептің хоккей кортында шайбалы хоккей мен коньки тебу өтті. Ал шаңғы эстафетасы мен қысқы көпсайыс «Нұра» стадионында болды, –  деді Дене шынықтыру және спорт бөлімі басшысының міндетін атқарушы Самат Үсенбеков.

Қатысушыларды тәуелсіз судьялар бағалады. Ұпай саны бойынша олар үш жеңімпазды анықтады. Үшінші орынды 35 ұпай жинап, Тассуат ауылы алды. Кертінді ойыншылары 39 ұпаймен екінші болды. Бірінші орынға Нұра кентінің командасы ие болды. Олар 54 ұпай жинады.

Жеңімпаздар дипломдармен және медальдармен марапатталып, облыстық кезеңге жолдама алды.