Төрт қазақстандық телеарна қысқы Олимпиада ойындарын көрсетеді

Төрт қазақстандық телеарна қысқы Олимпиада ойындарын көрсетеді

«Қазақстан» телерадиокорпорациясы» АҚ мен «Хабар» агенттігі» АҚ ел аумағында 2022 жылғы Қытайда өтетін XXIV қысқы Олимпиада ойындарының ресми хабар тарату құқығын иеленді. Қазақстандықтар 4-20 ақпан аралығында Бейжіңде өтетін Қысқы Олимпиада ойындарын «Qazaqstan», «Qazsport», «Хабар» және «El arna» телеарналарынан тікелей эфирде көре алады.

XXIV Қысқы Олимпиадаға қатысатын Қазақстан құрамасында 87 жолдама иеленген 34 спортшы бар. Қазақстандық спортшылар шаңғы жарысы, фристайл акробатика және могул, конькимен жүгіру, шорт-трек, биатлон, тау шаңғысы, тұғырдан секіру, шаңғы қоссайысы сияқты 8 спорт түрінен сынға түседі.

«Qazaqstan» және «Qazsport» телеарналарында трансляцияларға Есей Жеңісұлы, Руслан Бақытжан, Тимур Сүлейменов, Сергей Райлян, Ерсін Ерікұлы, Уәлихан Қосанбай, Самат Қанағатов, Александр Олейник, Дидар Қадыров, Данила Малышев, Жігер Әзберген, Әсем Нұрланова, Лилиана Әлжанова, Индира Бектенова комментаторлық етеді. «Qazaqstan» телеарнасындағы Олимпиада ойындарының ашылу, жабылу салтанаты мен жарыстар толықтай қазақ тілінде жүргізіледі. Комментаторлармен бірге тікелей эфирге қысқы спорт түрлері бойынша жаттықтырушылар мен спорт сарапшылары шақырылады.

Әрбір жарыстың алдында және жарыс күнінен кейін «Бейжің-2022» атауымен тікелей эфирдегі студиялық бағдарламалар ұйымдастырылады.

Телеэфирден бөлек, олимпиадалық жарыстарды арналардың www.qazaqstan.tv және www.qazsporttv.kz ресми сайты мен «Qazaqstan.tv» мобильді қосымшасынан көру мүмкіндігі бар.

Еске сала кетейік, Қазақстан ұлттық құрамасы ел тарихында Қысқы Олимпиада ойындарында 8-ші рет бақ сынайды.

ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің ақпараты бойынша