«Харекет» қоры Қарағанды түрғынына пәтер сыйлады

«Харекет» қоры Қарағанды түрғынына пәтер сыйлады

«Харекет» қайырымдылық қоры «Тазалық Эксперт» ЖШС-де 24 жыл жұмыс істеген 58 жастағы қарағандылық Сара Әмілжановаға екі бөлмелі пәтер сыйлады.

Бұл жолы Қор баласын жалғыз тәрбиелеп, ауыр жұмыспен айналысатын анаға пәтер беруді ұйғарды.

Сара Әмілжанова – Қарқаралы ауданы Восток ауылының тумасы. 1998 жылы әйел ұлымен Қарағандыға көшіп келіп, «Тазалық Эксперт» ЖШС-не орналасты. Жалғызбасты ана қиын жұмыстан қорықпады, оның жұмысы көшелер мен жолдарды тазартумен байланысты болды. Жазда ол көшелерді қоқыстан, қыста – қар мен мұздан тазартады. Осы жылдар аралығында ол адал еңбегімен көзге түсіп, басшылық тарапынан бірде бір рет шағым алмаған.

– Біз көшіп келген кезде ұлым алтыншы сыныпта оқыды. Екеуіміз Майқұдықта, Шахтинск қаласында үй жалдап тұрдық. Соңғы 10 жылдан бері Шахтинск қаласында тұрып келеміз. Ұлым үйленді, оның үш баласы бар. Бәріміз бірге тұрамыз. Осы жылдар ішінде менің жалғыз арманым баспана болғанын қаладым, – дейді Сара Әмілжанова. – Бірақ маған баспана сыйлайды деп үш ұйықтасам түсіме кірген емес. «Харекет» қорына, қазақстандықтарға және менің басшылығыма рахмет айтамын.

Сара Әмілжановаға Майқұдықтың 14-ші шағын ауданында екі бөлмелі пәтер берілді. Жұмыс беруші де қоныс иелерін назардан тыс қалдырмады. Компания отбасына теледидар мен басқа да тұрмыстық техника сыйлады.

«Харекет» қайырымдылық қоры 2017 жылдың қазан айында Алматы қаласында құрылды. Осы жылдар ішінде ол 565 отбасына баспана сыйлады.