Қарағандыда ерекше қажеттіліктері бар балалар мұражайларға, театрларға және концерттерге тегін бара алады

Қарағандыда ерекше қажеттіліктері бар балалар мұражайларға, театрларға және концерттерге тегін бара алады

Биыл Қарағандыда «Баршаға арналған өнер» жобасы жүзеге асырылады. Ерекше қажеттіліктері бар балалар мұражайларға, театрларға және концерт залдарына тегін бара алады.

Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек онлайн-режимде ерекше балалардың ата-аналарымен, әкімдермен және бейінді ведомстволардың басшыларымен кездесті. Ортаға қолжетімділік және ерекше балаларды оқу инфрақұрылымымен, әлеуметтік және спорттық нысандармен қамтамасыз ету мәселелері шығарылып, талқыланды. Сондай-ақ, өткен кездесуде ата-аналардың қойған сұрақтарына жауаптар берілді.

Білім басқармасының мәліметінше, Қарағанды облысында мүмкіндігі шектеулі 14 мың бала тұрады. Жыл сайын олар үшін арнайы ұйымдардың саны артып келеді. Жақында Қарағандыда 100 балаға арналған түзету кабинеті ашылады. Биыл педагогтар штаты 96 адамға ұлғаяды.

Өзекті мәселелердің бірі – мүгедек балаларды кәсіптік оқыту мәселесі де шешілуде.

– Бүгінгі таңда 23 мемлекеттік және 11 жекеменшік колледжде инклюзивті білім беру үшін жағдай жасалған, – деді Білім басқармасының басшысы Гүлсім Қожахметова. – Осы санаттағы студенттермен колледждерде 48 педагог-психолог және екі сурдопедагог жұмыс істейді. 500-ден астам оқытушы біліктілікті арттырудан өтті. Ерекше студенттер үшін 26 мамандық бойынша бағдарламалар бар. Әлеуметтік серіктестермен жұмыс жүргізілуде. Төрт колледжде жеті кәсіпорынмен шарттар жасалды. Келесі жылы тағы үш колледжде инклюзивті білім беру бойынша жағдай жасау жоспарлануда. Екеуі Жезқазғанда – жоғары медициналық және бизнес және көлік колледжі, біреуі Қарағандыда – агротехникалық колледжде.

Ерекше балаларды спортпен қамту мәселесі де өзекті. Білікті нұсқаушылар, жаттығу алаңдары, бассейндер жеткіліксіз. Дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Рустам Қожабековтың айтуынша, биыл қосымша 22 жаттықтырушы-нұсқаушы жұмыс істейді.

– Оның ішінде 12 жаттықтырушы Қарағандыдағы облыстық мамандандырылған мектептің мамандары. Олар спорттың алты түрі бойынша 240 баламен айналысатын болады. Алты адам Қарағанды, Жезқазған және Абайда жұмысқа кірісті. Қалған нұсқаушылар ақпан-мамыр айларында Қарағанды, Теміртау және Сәтбаев қалаларында жұмыс істей бастайды. Он жаттықтырушы аутистік спектрі бұзылған 90 баламен айналысатын болады, – деп хабарлады Рустам Қожабеков. – Барлығы 330 бала қамтылады.

Мемлекеттік спорт ұйымдарынан басқа, Қарағандыдағы 30 жеке фитнес-орталықпен келісім орнату мүмкін болды. Енді 147 ерекше бала оларға тегін бара алады. Бұл бағыттағы жұмыстар әлі де жалғасады.

Сонымен қатар, қала әкімі Ермағанбет Бөлекпаев Қарағандыда алғаш рет «Баршаға арналған өнер» жобасы басталатынын мәлім етті. Бұл жоба аясында концерттерге, театрларға, мұражайларға ерекше қажеттіліктері бар балалар тегін бара алады.

Ата-аналар өз кезегінде көкейтесті мәселелерді қозғап, бірқатар өзекті ұсыныстар айтты. Сұрақтардың басым бөлігі медициналық ұйымдарға бағытталды. Жеңіс Қасымбек бейінді ведомство басшысына формализммен айналыспауды және жақын арада бәрін шешуді тапсырды.

– Ата-аналарды сіздердің бірде-бір сұрақтарыңыз назардан тыс қалмайды деп сендіргім келеді. Ерекше балалармен айналысатын орталық басшыларына айтарым: сіздердің әрбір бастамаларыңыз қолдау табады. Сіздердің тиісті қаржыландыруларыңыз бен жұмыс істеулеріңіз үшін жағдай жасалуын жеке бақылаймын, – деп атап өтті аймақ басшысы.