2022 жылы Қарағанды облысының 41 мың тұрғыны жұмыспен қамту шараларымен қамтылады

2022 жылы Қарағанды облысының 41 мың тұрғыны жұмыспен қамту шараларымен қамтылады

Қарағанды облысында биыл Ұлттық жобалар аясында 25 148 жұмыс орнын құру жоспарлануда. Жұмысқа орналасуға жәрдемдесу шараларымен өңірдің 41 мың тұрғыны қамтылатын болады.

«Жастар тәжірибесі» бағдарламасы бойынша 721 түлек жұмысқа орналасса, 2 959 адам қоғамдық жұмыстарға тартылады. Сондай-ақ, өңірде халықтың осал топтары үшін әлеуметтік жұмыс орындары құрылады. Барлығы 300 адам жұмысқа орналасады. Алғашқы жұмыс орны 238 үміткерге ұсынылмақ.

– «Кәсіпкерлікті дамыту» мемлекеттік бағдарламасы бойынша «Ұрпақтар келісімшарты» жобасы жұмыс істейді. Бұл зейнеткерлік жасқа жеткен жұмыс істеп жүрген қызметкерді кейіннен ауыстыра отырып, жұмысқа орналастыру. Осы жоба аясында өңірде биыл 34 адам жұмысқа орналасады. Зейнет жасына дейінгі адамдарды жұмысқа орналастыру үшін «Күміс жас» жобасын енгізу 534 адамды жұмыспен қамтуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, өңірде халықтың әлеуметтік осал топтарынан шыққан жастар арасында конкурстық негізде гранттар берілетін болады. Барлығы 755 грант қарастырылған, – деп атап өтті жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Төлеу Мұхтар.

Кәсіпкерлік белсенділікті арттыру үшін 1 250 адамды бизнес негіздеріне оқыту жоспарлануда, 433 микрокредит берілетін болады. Бүгінгі таңда электрондық еңбек биржасында 4 188 бос жұмыс орны орналастырылған.

– Бос жұмыс орындарын таңдау үшін жұмыссыз өзі Enbek.kz порталына кіре алады немесе қалалар мен аудандардың халықты жұмыспен қамту орталықтары арқылы немесе кенттер мен ауылдық округтердің әкімдіктерінен бос орындар туралы ақпарат алу керек, – деп қосты спикер.