
Мемлекеттік мекемелер, коммуналдық қызметтер, жұмыспен қамту мекемелері әдеттегідей жұмыс істеуде. Зейнетақылар мен жәрдемақылар толық көлемде екінші деңгейлі банктерге және «Қазпошта» АҚ филиалдарына аударылады. Дегенмен, интернет ақауларына байланысты қолма-қол ақша шешіп алу әрдайым мүмкін болмай отыр. Осы және басқа да көптеген жайттарды брифинг барысында түрлі басқарма басшылары мәлім етті.
– Қажетті әлеуметтік төлемдердің барлық 15 кезеңі, яғни қаңтар айындағы зейнетақылар мен жәрдемақылар айдың алғашқы күндерінде тізімделді. Одан әрі банктер мен «Қазпошта» АҚ оларды азаматтардың арнайы шоттарына аударуы керек. Сондықтан жерлестерімізден сәл күтулерін сұраймыз, жақын арада тиісті төлемдер төленеді, - деді Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Төлеу Мұхтаров.
Сондай-ақ ол қазіргі таңда облыстың барлық қалалары мен аудандарындағы басқармалар мен жұмыспен қамту орталықтары штаттық режимде жұмыс істеп жатқанын атап өтті. Облыс тұрғындары бұрынғыдай жұмыспен қамту, жәрдемақы тағайындау және т.б. мәселелер бойынша мамандарға хабарласа алады.
Ұлттық банктің Қарағанды филиалы төрағасының орынбасары Бектұрған Бозтереев еліміздің қаржы жүйесінің жұмысындағы жағдай туралы хабардар етті.
– Терроризмге қарсы операцияның енгізілуі басталысымен Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Ұлттық банкпен бірлесіп, бүкіл қаржы жүйесінің жұмысын тоқтату туралы шешім қабылдады. Бұл инфрақұрылымды, банк жүйесінің қызметкерлерін, халқымызды, сондай-ақ инкассация мен банкоматтардағы үнемдеуді қамтамасыз ету мақсатында жасалып отыр. Әзірге қызмет бір жұмыс күніне тоқтатылды, өйткені 7 қаңтар мереке, ал келесі екі күн демалыс. Дүйсенбіде, мүмкін, қаржы жүйесі әдеттегідей жұмыс істейді деп үміттенеміз. Банкоматтардан ақша алуға келетін болсақ, бұл факт интернеттің тұрақсыз жұмысына тікелей қатысты. Ол толықтай іске қосылғаннан кейін бірден төлем карталарын пайдалануға болады, содан кейін ақша аудару, несие және шоттарды төлеу секілді мобильді қосымшаларда операцияларды орындауға болады. Қазіргі уақытта қазақстандық банкаралық аударымдар орталығы да жұмыс істемейді, - деп түсіндірді Б.Бозтереев.
Сондай-ақ ол азаматтар арасында жалған ақпарат тарай бастағанын айтты. Қазақстандықтар бір-біріне 15 қаңтарға дейін несиені есептен шығару үшін Ұлттық банкке өтініш жазу керектігін айтуда. Бұл шындыққа жанаспайтын ақпарат. Ал жалған ақпарат таратқандар заң бойынша жазаланады.
Алдағы күндері су, жарық, жылу үзіліссіз беріледі. Бұл туралы облыс тұрғындарын энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Ұлантай Үсенов сендірді.
Оның айтуынша, барлық әлеуметтік-мәдени нысандар мен тұрғын үйлерді жылу және электр қуатымен температуралық кестеге сәйкес қамтамасыз ететін коммуналдық және қызмет көрсету кәсіпорындары қалыпты жұмыс істеуде.
– Барлық 69 қазандық, 700-ден астам автономды жылу жүйесі бірқалыпты жұмыс істеуде. Бүкіл жылыту маусымына қажетті отын қоры бар. Электриктер, сантехниктер, слесарлар өз жұмыс орындарында болып, аймақтағы барлық қажетті жағдайларды қамтамасыз етіп отыр. Азаматтар су, электр және жылумен жабдықтау немесе ұялы байланыс жұмысына қатысты сұрақтары бойынша мына телефондар арқылы хабарласа алады: (8-7212) 56 09 05.
Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Саят Шаймин автобустардың, пойыздардың және ұшақтардың қалай жүретінін айтты.
- Қарағанды облысының аумағында қоғамдық көліктер кестеге сәйкес жұмыс істейді. Қалааралық және қалаішілік тасымалдау әдеттегідей жүзеге асырылады. Облыс ішілік теміржол қатынасына келетін болсақ, бүгінгі күні қолданыстағы барлық бағыттар толық жұмыс істеп тұр. Әуе қатынасында шектеулер бар, бірақ олар ішкі және басқа да тасымалдаушылардың рейстерінің тоқтатылуына байланысты. Бұл төтенше жағдайдың енгізілуіне және ұшу қауіпсіздігіне байланысты, - деді С.Шаймин.
Емханалар мен ауруханалар науқастарды әдеттегідей қабылдау жүргізуде, деп хабарлады денсаулық сақтау басқармасы.
Жедел жәрдем қызметі 103 нөміріне қоңырауларды қабылдайды, тәулік бойы стационарлар науқастарды жоспарлы госпитализацияға да, жедел жәрдем деңгейіндегі науқастарды шұғыл қабылдауға да қабылдап жатыр. Барлық емханалар қабылдау жүргізуде, мереке күндері емханалар кесте бойынша сағат 08:00-ден 15:00-ге дейін жұмыс істейді, деп хабарлады ведомствода.
Білім және ғылым министрлігі қазақстандықтарды оқушылар мен студенттердің демалысын ұзарту туралы хабардар етті. Балабақшалар мен қосымша білім беру ұйымдары әдеттегідей жұмыс істейді.
Қазіргі уақытта білім басқармасында 8-776-103-41-79 нөмірі бойынша сенім телефоны жұмыс істейді, Қарағанды облысының тұрғындарына осы телефон нөміріне хабарласып, туындаған проблемалық мәселелер бойынша кеңес алуға болады.
Жедел желі сағат 22:00-ге дейін жұмыс істейді. Сонымен қатар, азаматтар сағат 09:00-ден 18:30-ға дейін мына телефон арқылы хабарласа алады: (8 -7212) 41-13-19.
«Қандай да бір өзгерістер болған жағдайда, біз туралы қосымша хабарлаймыз. Тек ресми ақпарат көздеріне сенулеріңізді сұраймыз», - деді білім басқармасынан.
«Индустриальная Караганда» газетінің мәліметі бойынша