Қарағанды облысында төрт мыңнан астам МИБ және ЖС тіркелген

Қарағанды облысында төрт мыңнан астам МИБ және ЖС тіркелген

Бүгінгі таңда Қарағанды облысында мүлік иелерінің 143 бірлестігі тіркеліп, 4 759 қарапайым серіктестік құрылды. Аймақ тұрғындары ПИК қызметін 2022 жылдың шілдесіне дейін пайдалана алады.

Облыс әкімінің энергетика, ТКШ, индустриялық-инновациялық саясат және инвестициялар, ТЖ мәселелері жөніндегі орынбасары Вадим Басин Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында тікелей эфирде өткен баспасөз мәслихатында мүлік иелері бірлестіктері (МИБ) мен жай серіктестіктерді (ЖС) енгізудің аралық қорытындылары туралы айтып берді.

– Қарағанды облысында барлығы 8 206 көп пәтерлі тұрғын үй бар, оның ішінде бос және апатты, коммуналдық немесе жеке меншіктегі үйлер – 876. Демек, 7 330 үйде МИБ немесе ЖС құру қажет. Ол үшін қалалар мен аудандарда карантин шараларын ескере отырып, кестелерге сәйкес жиындар өткізу үшін мобильді топтар құрылды. Бүгінгі таңда облыс бойынша жаңа басқарушы нысандарды құру бойынша оң қарқын бар, – деп атап өтті Вадим Басин.

Өңір бойынша 1 ш. м үшін орташа тариф 25–28 теңгені құрайды. Бұл ұсынылған баға. Ай сайынғы төлемдердің мөлшері туралы түпкілікті шешімді үй тұрғындары өздері қабылдайды, деп қосты спикер.

Жаңа басқарушы нысандарының басшылары Otbasy bank және Jusan Bank-те тұрғын үйлерге қызмет көрсетуге қаражат жинау үшін жинақтаушы және жинақ шоттарын аша алады. Олардағы қаражатқа салық салынбайды.