Бес асық пен асық атудан Ұлттық Мектеп лигасында Қарағанды облысының намысын екі команда қорғайды

Бес асық пен асық атудан Ұлттық Мектеп лигасында Қарағанды облысының намысын екі команда қорғайды

Қарағандыда ұлттық мектеп лигасына қатысуға іріктеу үшін жалпы білім беретін мектептердің 7-8 сынып оқушылары арасында бес асық, асық ату бойынша облыстық жарыстар өтті. Додаға 18 команда қатысты. Екі үздік топ өңірімізді республика деңгейінде таныстырады.

Жарысқа барлығы 54 адам қатысты.

Қыздар арасында бірінші орынды Шет ауданының командасы, екінші орынды Бұқар Жырау және үшінші орынды Нұра ауданының командасы иеленді.

Ер балаларда бірінші орында қарағандылықтар. Екінші орынды Бұқар Жырау ауданының, үшінші орынды Балқаштың өкілдері иеленді.

– Біздің команда жыл сайын осы жарыстарға қатысады және әрдайым жүлделі орындарға ие болады. Биыл бірінші болып республикалық кезеңге жолдама алдық. Өте қуаныштымыз, одан да көп жаттығамыз, – деді Қарағанды қаласының Ә. Бөкейханов атындағы мектептің дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Ғалым Боранбаев.

Естеріңізге сала кетейік, Ұлттық Мектеп лигасы қатысушылардың жасына байланысты спорттың 10 түрінен (баскетбол, волейбол, гандбол, футбол, футзал, асық ату, бес асық, Президенттік тест, үстел теннисі, тоғызқұмалақ) сегізінші рет өткізіледі.

Ұйымдастырушы – ҚР Білім және ғылым министрлігі.