Қарағанды университетінің еріктілері дертке шалдыққан балаларға көмектеседі

Қарағанды университетінің еріктілері дертке шалдыққан балаларға көмектеседі

Қарағанды техникалық университетінің «Жас Орда» жастар қауымдастығы және жоғарғы оқу орнының Аqniet қайырымдылық ұйымы жұлын-бұлшықет атрофиясынан зардап шегетін Айкүміс Сәрсенді қолдау мақсатында шағын футболдан қайырымдылық турнирін ұйымдастырды.

– Бұрын қайырымдылық концерттері өткізілген, бірақ пандемияға байланысты жаңа бір нәрсе ойлап табуға тура келді. Өткен жылдан бастап осындай жарыстар өткізіле бастады. Еріктілер ауыр дертке шалдыққан балаларға көмек көрсету үшін қайырымдылық шараларын бірінші рет өткізіп отырған жоқ, – дейді «Жас Орда» жастар қауымдастығының төрағасы Ілияс Смайылов.

Турнирге жеті команда қатысты – әр факультеттен бір командадан. Энергетика, автоматика және телекоммуникация факультетінің командасы жеңімпаз атанды.

Еріктілер мен қатысушылардың ортақ күшімен 70 мың теңге жиналды. Ол қаражат Айкүмістің анасының есебіне жіберілді.

ҚарТУ еріктілері барлық жанашыр азаматтарды Айкүміске (@sma_aikumis_krg) қолдау көрсеуге арналған іс-шаралар мен акцияларға қатысуға шақырады, оған қымбат ем қажет.