Қарағанды NIS оқушысы кеншілер шаһарының көрікті жерлерінің ағылшын тілді сайтын әзірледі

Қарағанды NIS оқушысы кеншілер шаһарының көрікті жерлерінің ағылшын тілді сайтын әзірледі

Қарағанды Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары жыл сайынғы «Туған елге тағзым – 2021» жобалар мен шығармашылық жұмыстар байқауының жүлдегерлері атанды. Қашықтан өткізілген байқауға барлығы үш жүзден астам жоба ұсынылды. 11-сынып оқушысы Альмубди Мутайхан шетелдіктерге кеншілер шаһарының тарихи және мәдени көрікті жерлері туралы ақпарат беретін ағылшын тілді сайт құрды.

Байқауға ол «Ұлы Дала өркениеті» бағыты бойынша «Қарағанды қаласының тарихи және мәдени орындары» жобасын ұсынып, III орынды иеленді.

– Жобаны дайындау барысында мен Қарағанды туралы көптеген қызықты деректерді білдім. «Туған елге тағзым» жобасы оқушыларға туған өлкесін жақынырақ және тереңірек білуге көмектеседі. Менің жетекшім – ағылшын тілі мұғалімі Әйгерім Құлжабекова, – деді Альмубди.

Байқауда қатысушылардың жұмыстары бірнеше бағытта бағаланды: «Ұлы Дала өркениеті», «Туған өлкем – жұмақ мекен!», «Ұлт руханияты – бабалар аманаты», «Әлеуметтік кәсіпкерлік және жаңа идеялардың күші», «Біздің күшіміз – бірлікте!», «Селт еткізер ерен ой» және «Туған жер – тұғырым».

11-ші және 8-ші сынып оқушылары Санжар Шалғынбай мен София Дасаева қазақ даласының ұсақ шоқыларының аумағында жер қыртысын құрайтын тау жыныстарының жасын, ұзақтығын және қалыптасу реттілігін зерттеп, конкурсқа электронды кітап-альбом ұсынды. Оқушылардың жобасы «Туған өлкем – жұмақ мекен!» бағыты бойынша ІІІ орынға ие болды.

11 сынып оқушысы Әділ Шаяхметов пен 9 сынып оқушысы Алтынай Қуатбек деректі фильм жасап, «Бұқар даналығындағы демократиялық өркениет және оның болашағы» атты зерттеу жұмысын ұсынды. Олардың жобасы да «Ұлт руханияты – бабалар аманаты» бағыты бойынша үшінші орынға ие болды.

«Туған жер – тұғырым» эссесінде үздік авторлардың бірі болып 12-сынып оқушысы Ақмарал Дайрабай танылды. Ол II орын алды. Қыз бала эссе жазуға дайындық кезінде белгілі тұлғалар – композитор Ахат Байбосынов пен күйші профессор Мухаммеджан Тілеуханмен әңгімелесу құрметіне ие болғанын мақтан тұтады.

«Қарағандылық ақындардың шығармашылығы туралы 10-сынып оқушысы Ақбота Еркінбектің зерттеу жобасы жоғары бағаланып, «Селт еткізер ерен ой» номинациясы бойынша ІІІ орынға ие болды. Ал 10-сынып оқушысы Даниал Сағымбаевтың «Террикондарды қалпына келтіру» жобасы және 9–10 сынып оқушылары Медина Айтбек, Жібек Ақан және Мендыгаз Зейнолланың «Туған өлкені қоқыстан сақтайық» атты командалық жұмысы «Жасыл планета» бағытында «Жас эколог» арнайы номинациясында марапатталды», – деп хабарлады Қарағанды қаласының NIS.