Жеңіс Қасымбек Беларусь елшісімен кездесті

Жеңіс Қасымбек Беларусь елшісімен кездесті

Беларусь Республикасының Төтенше және Өкілетті Елшісі Павел Утюпин Қарағанды облысында болды. Аймақ басшысы Жеңіс Қасымбекпен кездесуде экономикадағы ынтымақтастықты нығайту мәселелері талқыланды.

Қарағанды облысының Беларуське экспорттайтын негізгі тауарлары - көмір, ферроқорытпа, мұнай мен мұнай өнімдері. Өз кезегінде, беларусь компаниялары біздің нарыққа ауыл шаруашылығы өнімдері мен өнеркәсіптік жабдықтарды, құрылыс материалдарын жеткізеді.

Өндірістік кооперация нығая түсуде. Бүгінде облыста 21 бірлескен кәсіпорын бар. Олардың арасында самосвалдарды құрастыратын, БелАЗ қондырғыларын жөндейтін және қызмет көрсететін компаниялар бар. Қарағанды облысы аумағында өртке қарсы құралдардың бірлескен өндірісін ашу жоспарда бар.

Біз жеткізіліммен ғана айналысып қоймай, қазақстандық кәсіпорындармен ынтымақтастықты нығайтқымыз келеді, - деді Павел Утюпин. - Бұл жаңа жұмыс орындарын құру үшін қажет, сонымен қатар жергілікті қамтуды арттырады.

Жеңіс Қасымбек облысымыз беларусь компанияларын тартуға мүдделі екенін және олар үшін қолайлы инвестициялық жағдай жасауға дайын екенін атап өтті. Аймақ басшысы беларусь инвесторларын ауыл шаруашылығы жобаларын іске асыруға және мектеп құрылысына қатысуға шақырды. Сондай-ақ ІТ саласында да серіктестікті дамыту мүмкін.

Облыс әкімі ынтымақтастықты дамыту идеясын қолдап, оны тиісті ведомстволармен пысықтауды тапсырды.