Сенаторлар Қарағанды жоғары оқу орындарында заңгерлерді даярлау жүйесін зерттеді

Сенаторлар Қарағанды жоғары оқу орындарында заңгерлерді даярлау жүйесін зерттеді

Қарағандыға сенаторлар тобы келді. Парламенттің жоғары палатасының өкілдері заңгерлер даярлайтын университеттерде болып қайтты. Оларды мамандар даярлау сапасы мәселесі қызықтырды.

Содан кейін облыс әкімдігінде Сенаттың Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің көшпелі отырысы өтті. Басқосуға облыс әкімінің орынбасары Абзал Нүкенов, ЖОО өкілдері қатысты.

– Реформаларды, соның ішінде құқық қорғау және сот жүйелерін сапалы жүзеге асыру үшін қоғам мен мемлекетке жаңа формациядағы заң кадрлары қажет. Олар заңтану саласында кәсіби құзыреттілікке ие болуы, заманауи еңбек нарығының талаптарына сәйкес келуі, адамның құқықтары мен бостандықтарын, қоғам мен мемлекеттің мүдделерін қорғауға бағдарланған болуы тиіс, – деді бейінді комитеттің төрағасы, сенатор Владимир Волков.

Ол Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында білім беру сапасын арттыруға ерекше назар аударатынын атап өтті.

ҚР Білім және ғылым министрлігінің ақпараты бойынша, бүгінде елімізде 128 жоғары оқу орны жұмыс істейді, олардың 67-і заңгерлерді даярлайды. Соңғы 5 жылда университеттер 124 мыңнан астам адамға заңгер дипломын табыс етті.

– Біз түрлі қалалардағы жоғары оқу орындарына бардық. Әзірге ақпарат жинаймыз. Біз тексеруші немесе бақылаушы орган емеспіз. Біздің мақсатымыз – мониторинг жүргізу, проблемалар шеңберін зерттеу және одан әрі шешу үшін сұрақтар жинау, – деп түсіндірді Владимир Волков.

Ендігі ретте комитеттің кеңейтілген отырысын өткізу жоспарлануда. Нәтижесінде заң білімін жетілдіру бойынша ұсынымдар әзірлене отырып, Үкімет сағатын ұйымдастыру болады.

Көшпелі отырыста Қарағанды жоғары оқу орындарының өкілдері бірқатар ұсыныстар айтты. Сенаторлар олардың ешқайсысы назардан тыс қалмайды деп сендірді.